Массагеттен мәзір: Пицца

Массагеттен мәзір: Пицца

Қазіргі кезде балалардың да, ересектердің де сүйіп жейтін тағамының бірі пицца екенін бәріміз білеміз. «Пицца» сөзі италия тіліндегі «pizzicare», яғни «ащы» деген сөзден шыққан. Ал пиццаның тарихы сонау ХVI ғасырдан басталады. Осы сүйікті асымызды үй жағдайында қалай дайындау керектігімен таныс болайық.

Қамырдың құрамы:

1 стақан су;

Ұнның сөлшері суға байланысты;

Қамыр ашытқысы - 20 грамм;

Зәйтүн немесе өсімдік майы;

Томат пастасы.

 

Салманың құрамы: 

Зәйтүн жемісі - 50 гр;

Орташа қызанақ - 3 дана;

Болгар бұрышы - 1 дана; 

Шұжық - 100 гр;

Сыр - 100 гр;

Майонез.

1 стақан суға 20 грамм ашытқыны салып, ерітіп қоямыз. Пицца қамырына ашытқыны көп мөлшерде қосады.
Ашытқы суда ерігеннен кейін, 1-2 ас қасық зәйтүн немесе өсімдік майын құямыз.
Суға ұн салып, илейміз. Илегенде қамыр не қатты не тым жұмсақ болмауы тиіс, сондықтан ұнның мөлшері суға байланысты алынады.
Қамырды илегеннен кейін бетін жауып, ашығанға дейін бөлек қоямыз.
Зәйтүн жемістерін екіге бөліп тураймыз.
Болгар бұрышын үлгідегідей жіңішке етіп тураймыз.
Қызанақтарды дөңгелектеп турау қажет.
Шұжықты ұзын тілім етіп тураймыз, ал сырды үккіштен өткіземіз.

Жоғарыдағы салмамызды дайындап жатқанда, қамыр да ашып үлгерді.

Қамырды алдын-ала аздап қыздырылған, беті майланған табаға жаямыз.

Жайған қамырдың бетіне томат пастасын жағамыз немесе дүкендерде арнайы пиццаға арналған томат соусы да сатылады. Тым құрығанда, кетчуп жағуға да болады.
Томат пастасының үстіне шұжықты саламыз.
Оның үстіне қызанақты қоямыз.
Содан соң болгар бұрышы...
Зәйтүн жемісін де жақсылап орналастырамыз.
Барлығын кезекпен салып шыққаннан кейін бетіне майонез жағамыз. Егер қызанақ, шұжықтан артылып қалса, екінші қабат ретінде салып жіберуге болады.
Ең соңында бетіне сырды себеміз де, 180 градуста 20 минутқа пешке қоямыз. 

Пицца піскеннен кейін бөліктерге бөліп, ыстықтай дастарқанға ұсынуыңызға болады. Ас болсын!

Ас үйде болған: Айкерім Молдабекова, Назерке Смағұл

Сурет: ©Massaget.kz

Y. Smaghul