- Негізгі бет
- Аспаздық
- Тағам пісіруге арналған...
Тағам пісіруге арналған қалыптар
Үйде торт немесе кекс пісіргенде мұқият дайындалған қамырмен қатар, оны жақсылап пісіретін қалып және аздаған шыдамдылық қажет. Технология дамыған сайын қалыптардың түрлері де өте көбеюде: аллюминий, шойын, керамика, болат, силикон қалыптар, тіпті, шыныдан жасалған қалыптарды да кездестіруге болады. Әрқайсысының өз ерекшелігі бар, бәрі дәмді тоқашты пісіретін температура мен уақытқа тәуелді. Сондықтан, бір асүйде бірнешеуі болса артық емес.
Керамикалық қалыптар
Керамикалық қалыптар – ең алғашқы қолданысқа енген материал болып табылады. Бұл ыдыстың ішіндегі тамақ қайнамай, бұқтырылып піседі. Баяу отта пісіруге арналған. Керамикалық қалыптардың тағы бір ерекшелігі – сыртқы пішінінің тартымды болуы, тағамды дастарқанға осы ыдысымен қоя беруге болады. Ал бір кемшілігі, ыдыстың ішіндегі майда жарықшақтардан су ағуы мүмкін.
Шойын қалыптар
Шойын қалыптар да бұрыннан қызмет етіп келе жатыр. Керамика сияқты отта бірқалыпты, жай қызады. Бисквитті қамырды пісіргенде асты бірден күйіп кетпейді, әрі табаға алдын-ала май жағылады. Бір ғана кемшілігі – салмағының ауыр болуы.
Болат қалыптар
Болат қалыптар қолдануға ыңғайлы, тағамның дәмін еш өзгертпейді. Болаттан жасалған қалыптың екі түрі белгілі: беті күңгірт және жылтыратылған. Күңгірт қалыптар түрлі механикалық әсерлерге шыдамды келеді, ал жылтыратылған қалыптарды ұқыптап ұстау қажет.
Шыны қалыптар
Шыны формалардың дизайны көз тартады әрі ішіндегі тағамның пісуін қадағалап отыруға болады. Бұл қалыптардың шұңғыл болуы тағамды тез суып қалудан сақтайды.
Силикон қалыптар
Силикон қалыптар – асүйдегі соңғы жаңалықтардың бірі. Ішіндегі тағамды мүлде күйдірмейтін қасиеті бар. Ең алғаш қолданар алдында бір рет маймен сүртіп алу жеткілікті. Басқа қалыптардан ең басты артықшылығы: дайын болған бисквитті қиналмай алу үшін форманы теріс айналдыра салсаңыз болды.
Силикон қалыптарды зиян деп көбіне пайдалана бермейді. Бұрын бағасы да қол жетімсіз болған. Бұл қалыптарды жасауда қолданылатын силикон денсаулыққа қауіпті емес, осындай материалды медицинада да қолданады. Силикон инертті материал болғандықтан, жоғары температурада қыздырғанда зиянды заттар бөлінбейді.
Силикон қалыптарды қалай қолдану қажет?
- Ұқыппен пайдалансаңыз, сізге 5 жылға дейін қызмет етпек;
- Үнемі майлап тұрудың қажеті жоқ. Ең бірінші рет пайдаланғанда сүртіп алсаңыз болғаны;
- Сақтау кезінде аса маңызды талаптарды қажет етпейді. Сүртіп, бір-біріне кигізіп қойсаңыз, келесі жолы пайдаланғанда өз қалпына келеді.
- Газ пешінде де, электрлік пештерде де қолдануға болады;
- -40°С температурадан бастап, +240 градусқа дейін қыздыруға шыдамды келеді. Демек, силиконды қалыптарға нан пісірумен қатар, мұз қатыруға да болады.
- Қамыр металл қалыптарға қарағанда силиконды формаларда тез піседі. Сондықтан, бірнеше минутыңызды үнемдей аласыз. Бисквитті қамырды піскеннен кейін 5 минуттан соң шығарып алсаңыз, әдемі формада алынады.
- Силикон қалыптар жұмсақ материалдан жасалғандықтан, алдымен формаларды табаның үстіне қойып барып, қамырды құйыңыз.
Дайындаған: Назерке Смағұл
Сурет: poisk-podbor.ru, vse.kz, regalpv.kz, gurmania.uz
Y. Smaghul