Массагеттен мәзір: Наполеон торты

Массагеттен мәзір: Наполеон торты

Наполеон тортын жақсы көрмейтін адам кем де кем. Бірақ көпшілік адам бұл торттың дайындалу әдісін қиын деп ойлайды. Шын мәнінде, бұл торттың дайындалуы өте оңай. Қонақтарыңызға пісірсеңіз, түні бойы пештің алдынан кетпей пісірген деп ойлайды. Сол себепті де бұны ешбір кондитерлік дүкеннің тортымен салыстыруға келмейді.  Оған қоса дүкеннің торттары арзан емес. Өзіңіз пісірсеңіз әлдеқайда арзан әрі зиянды қоспасыз, сапалы болып шығады.

  Құрамы:
Ұн – 2 стақан
Сары май – 200 гр
Қаймақ – 100 гр
Суық су – 1 ас қасық
Тұз – 1 шымшым
Кремге: 
Сары май – 100 гр.
Қойылтылған сүт – 200 гр

 

  Ұнға біраз тұз салып араластырып жібереміз. Тоңазытқыштан алынған майды ұнға малып отырып, үккіштен өткіземіз. Сонда ұсақталған май бір-біріне жабысып қалмайды. Май өте жұмсақ болмауы керек.  

 

  Енді қаймақты қосып, қамыр илейміз, майлы кесектерді қатты езбеу керек, сонда жайған кезде қатпарлы болып тұрады. 1 ас қасық мұздай су құямыз. Тағы илейміз. Қамыр қолға жабыспақтау болады. Бірақ құрамына берілгеннен артық ұн қоспаңыз.

 

  Қамырды 8 бөлікке (немесе 6 бөлікке, онда торттың диаметрі үлкен болады) бөліп, тоңазытқышқа жеке салып қатырамыз. 

 

 

Қамырды кесектей қатырғанда ұзақ қатады және біркелкі болмайды. Сырты қатты, іші жұмсақ болып қалады. Сондықтан бөлінген қамырды 15-20 минутқа қойсаңыз да жеткілікті.

 

 

Қамырды жайып, әр қабатының шетін тәрелкамен тегістеп кесіп аламыз. Ал шетін кескіңіз келмесе 7 қабат пісіріп, біреуін үгітіп әсемдей беруге болады.

 

  Қамырды пешке 180°С-та 15 минутқа қоямыз. Пешіңіздің конвекция функциясы болса, бірден екі табаға салып пісіре беруге болады. Сәл сарғыш не қоңырқай болса жеткілікті. Қызарып кетсе, күйген дәм шығып тұрады.

Крем жасау:

Кремін жасау тіпті оңай. Бұл жерде сары май, керісінше, өте жұмсақ болу керек. Бірақ ерітпеңіз. Қойылтылған сүтпен араластырып, әр қабатына жағып, бетін әсемдейміз. Суретте менің ұсынған нұсқам, шеттері – бадам үлпектері, бетінде - торт ұнтағы мен туралған шоколад. Өзіңіз қиялыңызға және талғамыңызға қарай әсемдей бересіз.Тортты бірнеше сағат (жақсысы, әрине, бір түнге қойсаңыз) тоңазытқышқа қойып алып, ұсынған жақсы, осы уақытта крем сіңеді. Тіптен асықсаңыз, дайын қатпарлы қамырдан да жасауға болады. Кремі дәл осылай қалады. Ол да дәмді шығады. Бірақ қолдан жасаған қамырға жетпейді.

Наполеон торты дайын! Асыңыз дәмді болсын!

Торт "Гурмания" ас үйінде дайындалды

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева