- Негізгі бет
- Аспаздық
- Кетчуп зиян ба?...
Кетчуп зиян ба?
Кетчупты жасанды ұнтақтан әзірлейді, оның құрамында бірде-бір қызанақ жоқ, кетчуптың пайдасына қарағанда зияны мол, ол тек артық салмаққа алып келеді... Кетчуп жайлы жақсы пікірлерден гөрі жаман пікірлер көп. Бірақ олардың негізі бар ма?
Нағыз кетчуп қызанақ, табиғи сірке суы мен түрлі дәмдеуіштер негізінде әзірленеді. Кетчуптың пайдалы не зиян болуы оның өндірушісіне байланысты. Кейбір өндірушілер қызанақтарды кәді мен алма, асқабақ сияқты арзан шикізатпен алмастырады екен. Сол себепті кетчуп таңдағанда оның заттаңбасын мұқият оқып, құрамдас бөліктерін анықтаңыз.
Қызанақ шикізаты табиғатынан жабысқақ келеді, ал егер оны алма не кәді, асқабаққа алмастырса, кетчупқа крахмал, жасанды бояуыш заттар мен ароматизаторлар қосуға тура келеді. Синтетикалық сірке суы да консерванттарға толы, ол да аса пайдалы емес екені түсінікті. Әрине осының бәрі кетчуп сапасына өз септігін тигізеді.
Алайда мұның барлығы сапасы нашар кетчупқа қатысты айтылған сөздер. Дұрыс әзірленген кетчуптың текстурасы жабысқақ, түсі, дәмі, иісі табиғи болады. Дұрыс кетчупқа жеміс шырындарынан алынған табиғи әзірленген сірке суы ғана қосылуы керек. Дәл осындай кетчуп зиян емес, тіпті денсаулыққа қажет, пайдалы болады.
Кетчуптың денсаулыққа тигізе алар пайдасы ондағы қызанақтардың көптігімен түсіндіріледі. Түрлі зерттеулер нәтижесі бойынша қызанақтағы ликопин атты зат ағзадағы қышқылдану үрдісінің жылдамдығын кемітеді, ал бұл өз кезегінде, адамды онкологиялық аурулардан сақтайды екен. Антиоксидант болып табылатын бұл зат терінің жағдайына да өте жақсы әсер береді, ол жасушалардың жаңаруы мен ондағы коллаген атты терінің шымырлығын сақтайтын затты шығаруға да жауап береді.
Сапалы кетчуп дайындау барысында қызанақтардағы артық ылғалды бу көмегімен шығарады. Нәтижесінде өңделген қызанақтардағы ликопин мөлшері 3 есе өседі. Демек, кетчуп қарапайым қызанақтан да пайдалырақ екен. Ал жылулық өңдеуден өткеннен кейін химиялық құрамы сәл өзгеріп, ол ағзамен жеңіл қабылданатын болады. Оған қоса нағыз кетчуптың бір қасығында 15 ккал ғана бар, ол өте диеталық тұздық саналады. Сол себепті көптеген диеталарда сапалы кетчупқа ешқандай шек қойылмайды.
Кетчуп күнделікті жейтін асымыз емес, алайда сапалы түрі денсаулығымыз үшін қажет екен. Сондықтан арзан, жасанды кетчуптардан бас тартып, жиі болмаса да, қымбат, сапалы кетчуп түрлерін алған жөн.
Дайындаған: Сания Аринова
Сурет: aboveat.ru
С. А