- Негізгі бет
- Аспаздық
- Күнбағыс майы: Таңдау,...
Күнбағыс майы: Таңдау, пайдасы
Күнделікті тағам даярлағанда қолданатын күнбағыс майы жайлы не білеміз? Оның түрлері, пайдасы, зияны қандай? Майды қалай дұрыс таңдау керек? Сұрақтарға жауапты бірге іздейік.
Күнбағыс майының көп түрі арасынан дұрысын таңдау үшін, олардың қасиеттерін білу керек.
Шикі май немесе бірінші сығылған май ең сапалы әрі пайдалы түрі. Бұл май өңдеудің ең жұмсақ түрінен өтеді, сол себепті құрамына барлық дәрумендер мен пайдалы заттарды сақтап қалады. Мұндай май хош иісті, өзіне тән дәмі болады. Шикі майды көбінесе салаттарға қосады. Жалпы мұндай май жоғары температураларға шыдай алмайды, оны қуыру үшін қолдануға болмайды. 90 градустан асқан кезде май өзінің пайдалы қасиеттерін жоғалтып, тіпті канцерогенді болып кетуі мүмкін.
Рафинацияланбаған май да пайдалы майлардың бірі екендігі белгілі. Рафинацияланбаған май белгілі бір өңдеу сатыларынан өтеді. Оның тұнбасын түсіріп, түрлі сүзгілерден өткізеді. Бірақ бұндай майда бастапқы шикізаттың бөлшектері қалып қоюы мүмкін, сол себепті кішкентай балаларға (3 жасқа дейін) оны бермеген жөн.
Рафинацияланған май мөлдір және иіссіз келеді. Өндірісте оны толықтай тазартады, сол себепті оның құрамында нашар қосылыстар да, табиғи пайдалы заттар да аз қалады. Бұл майды қуырып қолдануға болады: ол көбіктенбейді, тұнба мен жағымсыз иіс бермейді.
Әрине ас үйіңізде бір шикі не рафинацияланбаған және бір рафинацияланған май болғаны дұрыс. Бірін салаттарға қоссаңыз, екіншісіне тамақ әзірлеуге болады.
Күнбағыс майының пайдасы мен зияны
Жалпы көптеген қолжетімді майлардың арасында күнбағыс майы ең пайдалы түрлердің бірі деп айтуға болады. Соя, жүгері майлары пайдасы жағынан күнбағыс майының артында тұр. Оның құрамындағы қанықпаған майлы қышқылдар, майда ерігіш А, В, Е және F дәрумендер мен минералдар бар. Күнбағыс майы адамға күнделікті қажет, бірақ ағзаның өзі шығармайтын пайдалы заттарды береді.
F дәрумені теріміздің жағдайын жақсартып, қан тамырларының беріктігін арттырады, гормондар синтезін реттеп, иммунитетті жақсартады. Қан айналымын дұрыстап, атеросклерозға қарсы тұрып, ағзадан артық холестеринді шығарады.
Е дәрумені есті жақсартып, қартаюға қарсы күреседі. Майлардың қабылдануын дұрыстап, жүйке жүйесін де жақсартады. Бұл дәрумен қауіпті Альцгеймер ауруының алдын алып, қант диабетіне де қарсы тұра алады.
А дәрумені көздің саулығы мен тырнақ, шаш, тіс пен сүйек беріктігіне жауап береді. Жақсы антиоксидант болып табылатын бұл дәрумен онкологиялық аурулармен күресуде көмектеседі.
D дәрумені кішкентай балалардың дұрыс өсуіне өте қажетті дәрумен. Ол сүйектердің берік болуына, зат алмасудың дұрыс жүруіне, асқорыту жүйесінің жұмысына да әсер ете алады.
Салаттарды майонезбен емес, маймен араластырсаңыз, көкөністердегі бета-каротин А дәруменіне айналады.
Шикі не рафинацияланбаған май бөтелкесінің астында тұнба көрсеңіз, шошымаңыз. Бұл денсаулық үшін өте пайдалы фосфолипидтер болып табылады. Олар ағзаға сыртқы әсерлермен күресуге күш береді.
Осы қасиеттердің бәрі қарапайым ғана күнбағыс майының құрамында бар екен.
Май таңдау мен қолдануға қатысты кеңестер:
- Салат әзірлегенде, көкөністерді май құймай тұрып тұздаған жөн. Себебі тұз майда ерімейді.
- Рафинацияланбаған май сатып алғанда, оның ашық, мөлдір түрлерін іздеңіз. Рафинацияланған майдың да ақшыл, мөлдір түрлерін таңдаған дұрыс: күңгірт түрлеріндегі каротиноидтар температура әсерінен бұзылады.
- Дүкенде сөренің ең бергі жағында тұрған майды алмаңыз, оның құрамында жарық әсерінен пайдалы заттар жойылған.
- Шыны күңгірт бөтелкелерінде сақталынатын май түрлері сапалы болады.
- Әрине сақталу мерзімі өткен майды қолданушы болмаңыз.
- Сақталу мерзімі 4 айдан көп майларды алмаңыз. Оның құрамына бұзылуына қарсы, бірақ ағзамызға зиян заттар қосылған.
- Рафинацияланған май күңгірт, тұнбалы болмайды.
- Ал рафинацияланбаған май керісінше мөлдір емес, тұнбалы болады. Оның сақталу мерзімі 2 айдан артық бола алмайды.
- Арзан бағаларды іздегенше, сапалы, жақсы өнім ұсынатын үлкен өндірушілердің тауарын алғаныңыз жөн. Олар өнідіріс нормаларын сақтайды.
Келесіде қолдан жасалған күнбағыс майын таңдау мен оны дұрыс сақтау ережелерімен, сондай-ақ оны косметикалық дауаларда қалай қолдануға болатындығымен таныстыратын боламыз.
Дайындаған: Сания Аринова
Суреттер: ua.all.biz
С. А