Күндізгі мэйк-апты кешкіге түрлендіру

Күндізгі мэйк-апты кешкіге түрлендіру

Арулар достармен кешкі отырыстарға, жиындарға, не романтикалық кездесуге жиі жағдайда жұмыстан бірден барады. Кейбір ережелерді білсеңіздер, кешкі макияж жасау үшін, күндізгі бояуды өшіріп, қайта жағу қажет емес.

Сонымен жұмыс күнінің аяғында 5-10 минут бөліп, кешкі отырысқа дайындалыңыз.

Бірінші кезекте бетті сулы майлықпен сәл сүртіп алыңыз. Осылайша артық май мен күні бойы жиналған кірден арыласыз. Артынан бетіңізге опа жағып, майлы жылтыр жайлы уайымдамасаңыз болады. Суреттерде керемет шығасыз.

    

Shiseido Pureness Oil-Blotting Paper сулы майлықтар

Күні бойы компьютер алдында отырып көздеріңіз шаршаңқы көрінсе, сумен не арнайы тамшылармен көзді шайып жіберіңіз. Қастың астына және көздің ішкі шетіне хайлайтер не консилер жағып ағартып, шаршағандықтан арыласыз.

Күндізгі макияжды кешкіге айналдырудың ең оңай жолы - ерінге қанық қызыл далап жағу. Бірақ басында күндізгі далаптың қалдығын сүртіп алыңыз. Ерінге шамалы опа жағып, шекарасын қарындашпен сызып, далап жағыңыз. Одан кейін ерінге қайта опа жағып, қайта далап жағыңыз. Осылайша бояу кеш бойы сақталады.

Ерінді қанық түсті далаппен бояғыңыз келмесе, назарды көзге аудартуға болады. Ең дұрыс шешім - стрелка салу. Күндізгі макияждағы қабақ бояуының үстіне-ақ стрелка сала берсеңіз болады. Ал ерінге ашық түсті далап не жылтыр жағыңыз.

Табиғи көрінемін десеңіз, еңліктеріңізді жаңартып, қайта жағыңыз. Нәзік түсті еңліктермен қатар, қола түстес опалар қолданып көріңіз. Сонда күнімен кеңседе емес, күннің астында отырғандай боласыз.

Кешке отырысқа баратыныңызды білсеңіз, таңмен шашыңызға көбік не мусс жағып, өріп қойыңыз не түйе салыңыз. Кешке шашты жіберіп, қолмен тарай салыңыз. Бұйра шаштар дайын.

Дайындаған: Сания Аринова

Суреттер: socola.vn

С. А