Beauty құралдар күтімі

Beauty құралдар күтімі

Күнделікті қолданатын beauty құралдар - инфекция мен ауру тасымалдаушысы болмасын десеңіз, оларға уақытылы күтім көрсетіп, тазалықта ұстаңыз.

Кірпікті бұрайтын қысқыш


Қыздар күнделікті қолданатын бұл құралда тушь қалдықтары, май, кір, шаң-тозаң жиналады. Бұндай орта бактериялардың пайда болып, көбеюіне ықпал етеді. Нәтижесінде көзіңіз қышып, қызаруы мүмкін. Сол себепті кірпікті бұрайтын қысқыштарды тазалап жүріңіз. Ол үшін мақтаны косметика кетіретін сұйықтыққа малып, қысқыштарды бірнеше рет сүртіңіз. Бұндай дауаны айына 2-3 рет жасап тұруды әдетке айналдырыңыз.

Тарақ


Қарпайым күнделікті қолданатын тарақты қаншалықты жиі тазалайсыз? Тарақ, щетка-тарақтардың бетінде шаш, май, тері, кір қалады. Кір тарақпен шаш тараудың нәтижесінде шашты одан әрі кірлетіп, тез майлануына ықпал етесіз. Сондықтан тарақты жиі сусабын мен жылы сумен жуып тұрыңыз. Тарақ жеке тазалық құралы екенін ұмытпай, оны басқа ешкімге қолдануға бермеңіз.

Пинцет


Пинцетпен қас жұлғанның алдында оны тазалап тұрған дұрыс. Қас жұлып, түршіккен теріге түрлі бактерия жұқтыра аласыз. Оны сумен, спиртпен, косметика сүртетін сұйықтықпен залалсыздандырыңыз. Сондай-ақ пинцет бірнеше ай қолданғаннан кейін ұшы жалпақ болып кетуі мүмкін. Пинцеттің ұшын тырнақ егеуішпен егеп, үшкірлесе болады.

Шаш түзулеткіш және бұйралатқыш плойка


Әдетте мұндай құралдардың бетіне қоңыр қалдықтар жиналып қалады. Бұл - кір мен шашқа арналған түрлі косметикалық заттардың (лак, гель, мусс) қосындысы. Бұл кір шаш сәніңізді бұзбасын десеңіз, оның бетін спиртке малынған мақтамен сүртіп шығыңыз. Қоңыр дақтарды кетіру үшін плойканы қырмаңыз, оның бетін тырнап тастауыңыз мүмкін. Түзулеткіш мен шаш бұйралатқыш плойкаларды ысымаған түрінде тазалау керек.

Тушьтың жаққышы


Тушь жаққышына кеуіп қалған тушь қалдықтары, кір, шаң-тозаң жиналады. Бұның бәрі кірпікті жақсы бояуға кедергі болатындықтан, тушь жаққышын арасында тазалап тұру керек. Оны спирт құйылған ыдысқа батырып, артынан қағазбен сүртіңіз. Оның толықтай кепкенін күтіп, қайта тушьқа салыңыз. Осы уақытта тушь ыдысын бірдеңемен жауып қоюды ұмытпаңыз.

Макияж жаққыштары


Бактерияны тасымалдаудың жақсы жолы. Аппликатордағы бояу тез бұзылып, артынан теріңізге зақым тидіруі мүмкін. Жаққыштарды апта сайын сабын қосылған суда жуып тұрыңыз. Оны басқаларға қолдануға бермеңіз.

Дайындаған: Сания Аринова

Суреттер: bibo.kz, sulpak.kz, krasobrana.cz

С. А