- Негізгі бет
- Сымбат
- Босанғаннан кейінгі шаштың...
Босанғаннан кейінгі шаштың түсуін қалай тоқтатамыз?
Көпшілік әйел бала босанғаннан кейін шашының көп түсе бастағанын байқайды. Дүниеге сәби әкелген әйелдің ағзасында тыныштық (телоген) кезеңі басталады. Ол бір айдан алты айға дейін созылуы мүмкін. Бұл қалыпты жағдай. Бірақ кейін оның қалпына келуі қиындап кетпес үшін шаш саулығына уақытында мән берген жөн.
Неліктен босанғаннан кейін шаш көп түседі?
Жүктілік кезінде шаш жылдам өседі және жиі қалыңдайды. Себебі әйел ағзасы жүктілік кезінде эстроген гормондарын көп мөлшерде бөледі, нәтижесінде шаш тыныштық кезеңіне ауыспай, тек өсу (анаген) кезеңінде тұрады.
Ал босанғаннан кейін, керісінше, шаш қарқынды түсе бастайды. Себебі бұл кезде гормонды тепе-теңдік қалпына келе бастайды. Эстроген мен басқа гормондар деңгейі жылдам азаяды. Бұл тыныштық кезеңіне күрт ауысуға ықпал етеді. Сондықтан шаш көп түседі.
Оған қоса, ұйқының қанбауы, босанғаннан кейінгі күйзеліс, дұрыс тамақтанбау және жаңа туған сәбиге күтім жасау кезінде пайда болатын басқа да қиындықтар шаштың одан сайын түсуіне әсер етеді. Сондай-ақ шаштың көп түсуіне темірдің және дәрумендердің жетіспеуі себеп болуы мүмкін.
Босанғаннан кейінгі шаштың түсуі қашан тоқтайды?
Көп жағдайда босанғаннан кейінгі шаш түсу уақытша болып келеді. Уақыт өте шаш қалыпқа келеді. Ол әдетте дәрі-дәрмекпен емделуді қажет етпейді. Шаштың көп түсуі босанғаннан кейін 6-12 ай аралығында тоқтайды. Егер шашыңыздың түсуі 1 жылдан аса уақыт байқалса, трихолог немесе дерматолог дәрігерге қаралған жөн.
Босанғаннан кейінгі шаштың түсуін қалай азайтамыз?
Босанғаннан кейінгі шаштың түсуін азайту үшін мына кеңестерге құлақ түріңіз:
- Үйлесімді тамақтану. Бала емізіп жүрген ана, әдетте, балада аллергия шығып кетпес үшін артық нәрсе жеуге қорқады. Сондықтан рацион қатты шектеулі болады. Алайда үйлесімді тамақтануды ұйымдастыра алған дұрыс. Дұрыс тамақтану әйел денсаулығына да, шаш саулығына да қажет. Мысалы, биотин (жұмыртқа), майлы қышқылдар (балық, жаңғақтар), В дәрумені (брокколи, шпинат), бета-каротинге (сәбіз) бай өнімдер жеңіз.
- Күнделікті күтімді дұрыс жасау. Бастың сау терісі - сау шашқа апарар бірінші қадам. Өлген жасушаларды түсіретін бас терісіне арналған арнайы скрабтар қолданыңыз. Бас терісі тепе-теңдігін қалпына келтіруге көмектесетін сергітуші құралдар пайдаланыңыз. Уақытша феннің ыстық лебін және де басқа да шашты күйдіретін құралдарды қолданбай тұра тұрыңыз.
- Сәйкес косметикалық құралдар қолдану. Шашқа арналған сусабын және бальзамды "шаш түсуіне қарсы" немесе "жұқа және әлсіз шашқа" деген түрлерін алуға болады. Себебі бұл құралдардың текстурасы басқаларына қарағанда жұмсағырақ келеді және шашты ауырлатпайды.
- Бас терісіне массаж жасау. Бас терісіне саусақтармен массаж жасау қан айналымды жақсартады.
- Шаш үлгісін өзгерту. Шашты қатты қысып тастайтын немесе тартатын шаш үлгілерінен аулақ болыңыз. Егер күтім жасау қиын болып кетсе, шашыңыздың ұзындығын қысқартып тастаңыз.
А. Жапатова