- Негізгі бет
- Сымбат
- Жүкті әйелге кеңес:...
Жүкті әйелге кеңес: Артық салмақ қосып алмас үшін жазда бас тарту керек 3 өнім
Болашақ ананың салмақ қосуы жыл мерзіміне емес, оның өмір сүру салтына байланысты. Бірақ ыстық күндері ісіну мүмкіндігі артады, сондықтан жеткілікті түрде су ішуге аса мән беру керек. Ал тұзды, ащы және майлы тамақты көп жемеген жөн. Жүкті әйелдер жаз мезігілінде қандай өнімдерді азайтуы керек?
1. Балмұздақ
Классикалық балмұздақ — суық түрінде ағза қиын қорытатын өте майлы өнім. Мұндай тамақ өт бөлінуді нашарлатады және ұйқы безіне күш түсіреді. Майлы балмұздақты сіңіруге көп ресурс қажет болатындықтан, әлсіздік пайда болады. Мұндай жағдай, әсіресе, жүкті әйелдерде жиі байқалады.
Оған қоса, балмұздақтардың көпшілігінде лактоза, казеин және көп мөлшерде қант болады. Әрине, бұл балмұздақтан толықтай бас тартуға себеп емес, себебі жаздың ыстық күндерін бұл десертсіз елестету қиын. Оның жеңіл сіңетін баламасын таңдау жеткілікті: жеміс-жидектер қосылған және өсімдік сүтімен дайындалған балмұздақтар, сорбеттер. Бұл десертті шамалы еріген күйінде жесеңіз, оның ағзаға түсіретін күшін азайта аласыз.
2. Тәтті газдалған сусындар
Көпшілік жаздың ыстық күндерінде шөлін қандыру үшін газдалған тәтті сусындар ішкенді жақсы көреді. Алайда мұндай сусындар шөлді қандыруға мүлдем көмектеспейді, керісінше, сусыздануға әкеледі, ағзаны қышқылдандырады және бағалы минералдармен қоштасуға мәжбүр етеді. Оған қоса, газдалған тәтті сусындарды көп ішу артық салмақтың қосылуына ықпал етеді.
Шөлді қандыру үшін таза су ішу керек. Егер тәтті бірдеңе ішкіңіз келсе, өзіңіз қантсыз пайдалы әрі табиғи сусын дайындап алыңыз. Мысалы, лимон, жалбыз, жеміс-жидектер қосылған су.
3. Кәуап
Көпшілікке кәуап зиянсыз өнім болып көрінуі мүмкін. Иә, кәуапты мөлшермен жесеңіз, оның зияны жоқ. Бірақ кәуапты еттен жасайтынын ұмытпаңыз. Бұл құрамында майы көп тағам болғандықтан, ыстықта ағзаға оны қорыту қиынға соғады. Қызыл етті балыққа немесе теңіз өнімдеріне ауыстырған жөн. Оларды мангалда емес, грильде дайындаған дұрыс. Жаздың ыстық күндерінде рационда ақуызды өнімдер болуы керек. Сондай-ақ көкөністер жайлы ұмытпаңыз.
А. Жапатова