Шаш түсуіне әкелетін тамақтану әдеті

Шаш түсуіне әкелетін тамақтану әдеті
Фото: unsplash.com

Тамақтану рационы шаш саулығы мен сапасына тікелей әсер етеді. Шаш түсуіне әкелетін кең тараған тағамдық қате жайлы айтамыз.

Шаш түсуі проблемасына тап болғанда, әдетте, оның себебі дұрыс емес күтімде немесе күйзелісте деп ойлаймыз. Алайда, пайдалы емес тамақтану әдеті де шаш сапасына әсер ететіні анықталған.

National Library of Medicine сайтында жарияланған зерттеуде қарапайым көмірсуларды, әсіресе, оның қанты көп түрлерін артық мөлшерде жеу шаштың көп түсуіне ықпал ететіні жазылған.

«Қарапайым қантқа бай және қайта өңделген тағамдарды тұтыну — шаштың шамадан тыс түсуін тудыратын факторлардың бірі», — делінген зерттеу қорытындысында.

Бұған түсінікті дәлел бар: қант қанайналымды нашарлатады. Ал қанайналым бұзылса, қоректік заттардың шаш түйіншелеріне жетуі қиындайды, нәтижесінде, шаш өледі. Сондай-ақ, қантты көп жеуден бас терісінің қабынуы басталуы мүмкін.

Әрине, егер кенеттен шашыңыз көп түсе бастаса, алдымен трихолог маманға қаралған жөн. Содан соң қажет болса, рационды өзгертесіз.

Шаш түсуінен басқа қантты көп мөлшерде және жүйелі түрде жеу көптеген жағымсыз салдарларға әкелуі мүмкін. Ол тісті құртады және ағзадағы зат алмасуды бұзады. Нәтижесінде, теріге әжімдер ерте пайда болады. Қанттың көп мөлшері инсулинге төзімділікті жоғарылатып, диабеттің даму қаупін арттырады.

Оған қоса, қант ми жұмысын нашарлатады, алайда көпшілік керісінше санайды. Торт тілімі немесе шоколад батончигі қысқа мерзімге ми белсенділігін жоғары жұмысқа қабілеттілік режиміне келтіреді, бірақ ғалымдар қантты ұзақ уақыт артық жеу когнитивтік қабілеттердің бұзылуына ықпал ететінін айтады.

А. Жапатова