Иекке безеу шығуының 10 себебі

Иекке безеу шығуының 10 себебі
Фото: freepik.com

Тері бөртпелері әдетте сыртқы жағымсыз әсерлердің себебінен пайда болады, бірақ ол ағзадағы проблемалар жайлы ескерту болуы да мүмкін. Безеулер кей адамдардың иегіне көп шығады. Неліктен безеу бұл жерге шығады және одан қалай арылу керек?

Теріні толық тазартпау
Тер мен май бездерінің көп болуы, ұсақ тесіктердің тығындалуы, теріге шаңның түсуі  — бұл факторлар бет терісінде бактериялардың көбеюіне және иекке безеулер шығуына ықпал етеді. Егер бет терісі мұқият тазартылмаса, сондай-ақ қара нүктелер пайда болуы, ұсақ тесіктердің кеңеюі, терінің тегіс болмауы және оның майлы болуы байқалады. Мұндай проблема болмас үшін күнделікті бет терісін тазартуға уақыт бөлу керек.

Демодекоз
Егер безеулер үнемі иегіңізге шықса, ол демодекоз себебінен болуы мүмкін. Ол — ұсақ кенелер себебінен пайда болатын тері ауруы. Бұл ауру кезінде иекке безеу шығумен қатар бет терісі қатты майланады және қызарады. Кенелердің белсендірілуіне күйзеліс, тоңып қалу, қоғамдық моншаларға бару және жеткіліксіз гигиена ықпал етеді. Кейде гормонды дәрі-дәрмек ішу де демодекоздың пайда болуына себеп болады. Бұл ауруды дерматолог немесе косметолог маман ғана анықтап, емдей алады.

Гормонды бұзылу
Эндокринді проблемалардың болуы, жыныстық жетілу және етеккірдің келуі тері жағдайын нашарлатып, иекте безеулердің шығуына себепші болуы мүмкін. Негізі гормонды безеулер ағза қалыпты жағдайға оралған кезде өздігінен кетуі керек. Бірақ егер бұл проблемаға ай сайын шалдықсаңыз, дәрігердің кеңесін алған жөн. Дәрігер анализдер тапсыртып, тері проблемасының себебін анықтауға көмектеседі.

Дұрыс тамақтанбау
Сүтті өнімдер, фастфуд және гликемиялық индексі жоғары өнімдер иектегі қабыну процестерін ынталандыруы мүмкін. Бет терісі саулығы мен сұлулығын сақтау үшін құрамында қанты көп өнімдерді, қарапайым көмірсуларды және нан өнімдерін аз жеуге тырысыңыз. Үйлесімді тамақтану — жалпы ағзаның және тері саулығын сақтаудың ең қарапайым әдісі.

Күйзеліс
Күйзелістің пайда болуына ықпал ететін факторлар иекте безеулер шығуының да себебіне айналуы мүмкін. Күйзеліс себебінен пайда болған безеулердің түрі тері типіне байланысты әртүрлі болады. Мұндай безеулер тек бетке емес, кеуде тұсына да шығуы мүмкін. Бұл жағдайда кешенді ем ғана көмектеседі. Күйзелістерді азайтып, көп уақытыңызды таза ауада өткізуге тырысыңыз. Қажет болса, психолог көмегіне жүгініңіз.

Косметикаға аллергия
Әдетте, сапасыз косметика немесе құрамында потенциалды аллергені көп косметикалық өнімдер аллергия береді. Егер безеулер аллергия себебінен шықса, онда ол бет терісі қызаруымен немесе қышуымен бірге жүреді. Бұл проблеманы шешу үшін сертификатталған сапалы косметикаға мән беріңіз. Өнімнің құрамын жақсылап зерттеп, оған толықтай сенімді болыңыз. Егер теріден жағымсыз реакция байқасаңыз, құралды қолдануды тоқтатыңыз.

Механикалық әсер
Қолын иекке таянып отыратын немесе қолымен бетін ұстай беретін әдеті бар адамдардың иегіне безеу жиі шығуы мүмкін. Егер сізде де бұл әдет болса, одан арылуға немсе қолыңызды жиі сабынмен жууға тырысыңыз.

Маскне
Егер медициналық масканы ұзақ тағуға мәжбүр болсаңыз, сіз маскненің не екенін білесіз. Бет терісі майлы адамдардың бетінің төменгі бөлігіне бөртпе жиі шығады. Бет терісі маскамен үйкелген сайын парникті әсер пайда болады, сондықтан май бездері қарқынды жұмыс істей бастайды.

Толыққанды ұйқының болмауы
Жиі ұйқының қанбауы және ұйқысыздық ағзада күйзеліс гормоны — кортизолдың көп бөлінуіне әкеледі. Кортизолдың көп болуы тері майы синтезін ынталандырады. Ал ол теріде бөртпенің пайда болуына әкеледі. Проблеманы шешу үшін демалыс сапасын жақсартып, ұйқыны ретке келтіру керек.

Аналық без функциясының бұзылуы
Иекке безеу шығу — аналық без функциясы бұзылуының көп себептерінің бірі. Әдетте, бұл проблемаға 35 жастан асқан әйелдер шалдығады, алайда бұл ауру кейде ерте пайда болуы да мүмкін. Аналық без функциясы бұзылуының жиі кездесетін белгілеріне семіздік, етеккірдің дұрыс келмеуі, денеге өте көп шаш шығу жатады. Егер мұндай проблемаларды байқасаңыз, дәрігерге көріну керек.

А. Жапатова