Арықтауға көмектесетін 3 пайдалы әдет

Арықтауға көмектесетін 3 пайдалы әдет
Фото: unsplash.com

Әрбір адам аса күш салмай арықтағысы келеді. Алайда дұрыс тамақтанбай және арнайы жаттығулар жасамай, мысалы, 7-8 килограмм салмақ тастау мүмкін емес. Дегенмен, кей әдеттер дененің жалпы тонусын жақсартуға, сымбаттырақ болуға және артық тамақтанбауға көмектеседі.

Тамақтану кезінде алаңдататын нәрселердің бәрін алып тастаңыз
Артық тамақтанудың басты себептерінің бірі — тамаққа толықтай назар аудармау. Тамақ ішіп отырып, кітап немесе жаңалық оқу, сериал немесе видео қарау, интернет-дүкеннен жаңа киім таңдау секілді әдеттерден арылыңыз. Әйтпесе, мидың назары сіз айналысып отырған басқа іске ауысады да, қанша тамақ жегеніңізді бақылай алмай қалады. Тыныштықта тамақтың дәмі мен тоқтық сезіміне ғана мән беріп, тамақтанып көріңіз.

Тәттілермен шай ішуді доғарыңыз
Шай — ең калориялы өнім деген қалжың бар. Бұл қалжың шаймен бірге үнемі кәмпит, торт тілімі немесе басқа да тәтті пісірмелер жүретіндіктен пайда болған. Бұлай шай ішуден арылу оңайға соқпауы мүмкін, себебі бұл әдет көпшілікте балалық шақтан бастап қалыптасқан. Алайда үнемі тәтті жеу артық салмақтың қосылуына және көптеген созылмалы аурулардың пайда болуына ықпал етеді. Ештеңесіз шай ішуді үйренуге біраз уақыт кетеді, алайда ол мүмкін нәрсе.

Жаяу жүріңіз
Қарапайым жүрістің күшін көпшілік бағалай бермейді. Бұл алаңдаудың және миды проблемалардан босатудың жақсы әдісі. Сондай-ақ, жүру денені қалыпта ұстауға көмектеседі. Әрине, жылдам жүру залдағы жаттығуларды ауыстырмайды, бірақ дене сымбаттылығын сақтауға болады. Жылдам жүру кезінде барлық бұлшықеттер іске қосылады, арқа мен аяқ созылады. Егер уақытыңыз болса, жиі жаяу жүруге тырысыңыз. Бір айдан соң айтарлықтай нәтиже байқайсыз.

А. Жапатова