Шашты тез өсіруге көмектесетін 6 кеңес

Шашты тез өсіруге көмектесетін 6 кеңес
Фото: crello.com

Сау шаш өсіру оңай емес, бірақ әбден мүмкін. Шаш сапасы мен ұзындығына күнделікті күтім мен өмір сүру салты әсер етеді. Шашты жылдам өсіру үшін қандай ережелерді сақтау керегін ұсынамыз.

Шаш ұшына күтім жасау
Орташа есеппен, сау шаш айына 1-1,5 сантиметрге өседі. Шаштың күтімді көрінуіне және ұзындығының сақталуына оның ұштарының жағдайы да әсер етеді. Шаш ұштарының құрғақ әрі сынғыш болуы — көпшілік қызда кездесетін кең тараған проблема. Әсіресе, құрғақ әрі жұқа шаштарда оның ұштанғаны қатты көрініп тұрады. Стилистер шаштың ұшын 1-2 айда бір рет қиып тұруды ұсынады. Егер сіз шашты өсіргіңіз келіп, оны қимауды шешсеңіз, онда шаш ұшына үнемі күтім жасау керек.

Шаш ұштары сынғыш болмау үшін бірнеше ережені сақтаған жөн:
- Жеткілікті мөлшерде таза су ішу;
- Темекі тарту, алкоголь ішу, фаст-фуд жеу секілді зиянды әдеттерден арылу;
- Иммунды жүйенің жағдайын бақылау (қажетті дәрумендер мен минералдар ішу);
- Барынша күйзелістік жағдайға түспеуге тырысу.

Шаш ұштарының жағдайына қатты хлорланған су да кері әсер етеді. Егер бассейнге барып жүрсеңіз, арнайы резеңке бас киім киіңіз. Шашты су күйінде тарамаңыз. Шашты орташа температурада ғана кептіріңіз. Шаш ұшына ылғалдандырушы құралдар жағып тұрыңыз.

Бас массажын үйрену
Бас массажы қан құйылуын ынталандырады және май бездері жұмыстарын қалыпқа келтіреді. Оған қоса, ол шаштың табиғи ылғалдануына және эпидермис тіндерінің оттекпен қамтамасыз етілуіне ықпал етеді.

Рационды түзету
Тамақтану шаш жағдайына тікелей әсер етеді. Сондықтан да тек күтім процедураларына уақыт бөлмей, тамаққа қосатын азық-түлікке де мән беру маңызды.

Ағзаға пайдалы микроэлементтерге (темір, селен, йод, мыс, кремний) бай азық-түліктер қолдануға тырысыңыз. Олар қарақұмықта, анар жемісінде, жасыл алмада, жаңғақтарда, сүзбе өнімдерінде, сұлы жармасында және тұтас дәнді нанда жеткілікті мөлшерде болады.

Жақсы тарақ алу
Дұрыс таңдалған тарақ шаш түсуінің алдын алады және шашты ұштанудан қорғайды. Шаш мамандары тістері өткір емес және тегіс өңделген сүректен жасалған тарақтарды таңдауға кеңес береді. Қанайналымды ынталандыру үшін шашты күніне аз дегенде 3 рет тарау ұсынылады.

Шаш өсуіне көмектесетін табиғи ынталандырғыштары бар маскалар қолдану
Құрамы табиғи маскаларды уақытылы қолдану шаштың өсуіне көмектеседі және бас терісін қоректік заттармен қамтамасыз етеді. Ынталандырғыштар шаш түйіндерінің тонусын жоғарылатады және ұйықтап жатқан фолликулаларды «оятады».

Маска таңдауға бірнеше кеңес:
- Құрамында бұрыш, цитрустылар сығындысы мен амиқышқылдар бар өнімдерге мән беріңіз;
- Құрамында табиғи майлар мен дәрумендердің болуын қадағалаңыз. Кокос, ошаған және шабдалы майлары шаш өсуіне көмектесетін табиғи ынталандырғыштар болып саналады;
- Құрамында органикалық қышқылдар мен коллаген бар маскалар таңдаңыз.

Шашты дұрыс жуу
Шаш күтімі бойынша эксперттер бас жууға аса көңіл бөлуді ұсынады. Әмбебап шешім жоқ: май бездері жұмысының қарқындылығы әркімде әртүрлі. Сондықтан шашты қажеттілігіне қарай жуу керек. Бас жуу тек эстетикалық түрді сақтауға бағытталмаған, сондай-ақ ол оның сапасы мен ұзындығына әсер етеді.

Шаштың әдемі әрі сау болып өсуіне көмектесетін бірнеше әмбебап кеңес ұсынамыз:
- Бас жуар алдында шашты ағаш тарақпен тарап алыңыз;
- Су температурасын бақылаңыз. Қатты ыстық су бас терісі мен шаш құрылымына зиян;
- Сусабынды бас терсіне массаждық қозғалыстар арқылы жағыңыз. Сусабынды барлық шаш ұзындығына көпіртіп жағу міндетті емес;
- Шашқа арналған кондиционерлер мен маскаларды елемей қоймаңыз. Олар шашты қажетті ылғалмен және дәрумендермен қамтамасыз етеді;
- Егер шашты өздігінен кептіруге уақыт болмаса, феннің төменгі температурасын қолданыңыз;
- Шаш үлгісіне кіріспес бұрын термоқорғанышы бар құрал қолданыңыз.

А. Жапатова