«Әлем аруы – 2021» байқауының жеңімпазы анықталды

«Әлем аруы – 2021» байқауының жеңімпазы анықталды

«Әлем аруы – 2021» (Miss Universe) атағы Үндістаннан келген қатысушыға бұйырды. 21 жастағы Харнааз Сандху ғаламның ең сұлу аруы атанды. Конкурс Израильдағы курорттық Эйлат қаласында өтті. Гауһар тәж бен атаққа әлем бойынша 80 әйел таласты.

                                           

Екінші орынды Парагваядан келген Надя Феррейра алса, үшінші орын Оңтүстік Африка атынан қатысқан Лалела Мсванеге бұйырды.

Жаңа «Әлем аруы» көрермендерге «Сіз ерекшесіз, сол сізді әдемі етеді. Өзіңізді басқалармен салыстыруды доғарыңыз» деп кеңес берді. «Мен өзіме сендім, сондықтан да бүгін осы жерде тұрмын», — Харнааз Сандху өз жеңісін осылай түсіндірді. Сондай-ақ ол Үндістанды пенджаби тілінде бірнеше мәрте құттықтады. Харнааз Сандху — Сушмита Сен мен Лара Дуттадан кейінгі осы елден шыққан үшінші «Әлем аруы».

Харнааз Үндістанның солтүстігіндегі Чандигарх қаласында дүниеге келген. Ол қазір де сол жақта тұрады және модель әрі актриса болып жұмыс істейді. Оның айтуынша, ол өлең айтқанды, билегенді, жүзгенді, тамақ пісіргенді жақсы көреді және йогамен айналысады.

Бұл «Әлем аруының» 70-ші мерейтойлық конкурсы және ол осы жылы екінші рет болып жатыр. Себебі былтыр коронавирус пандемиясы үшін конкурс өткізілмей, ол осы жылдың мамыр айына ауыстырылған болатын. Ол кезде бірінші орынды 26 жастағы мексикалық Андреа Меза алған болатын. Ол жеті айдан соң өз тәжін Харнаазға берді.

А. Жапатова