- Негізгі бет
- Сымбат
- Қыста теріге қалай...
Қыста теріге қалай күтім жасаймыз?
Мамандар қыста терінің құрғауына екі фактор әсер ететінін айтады. Біріншісі — аяз бен жел жиі болатын ауа райы, ал екіншісі — жылыту жүйесі. Ыстық батареялар ауа температурасын өмір сүруімізге қолайлы еткенімен, олар теріге кері әсер етеді. Ендеше, суық мезгілде теріге қандай күтім жасау керек?
Қыста далаға шығарда теріні қорғап, үйге (немесе кеңсеге) кіргенде ылғалдандырыңыз.
Қолайсыз ауа райынан қорғану үшін кез келген крем келе бермейді. Құрамына какао майы, ши майы, жожоба, ара балауызы, ланолин, майлы спирттер және силикондар кіретін арнайы қорғаушы эмолент-кремдер бар. Олар эпидермистің терең қабатына өтпейді және терінің қорғаныс тосқауылын қалпына келтіру үшін ғана жұмыс істейді. Олардың міндеті — суық пен желдің теріні зақымдауына жол бермейтін қорғаныш қабатын түзу. Эмолент-кремді далаға шығарда 30 минут бұрын жағып алған жөн.
Суық мерзімде ылғалдандырушы құралдарды қолданбауға болады деген пікірлер бар. Алайда ылғалдандырушы кремдер тері денсаулығы үшін өте маңызды, дегенмен, қыста оны тек ғимарат ішінде қолдануға болады. Себебі жылытқыштар қосылғандықтан ғимарат ішіндегі ауа өте құрғақ келеді. Ылғалдандыратын құралдарды ұйықтар алдында да жаққан пайдалы. Сондай-ақ, тері құрғақтығымен күресуге қарапайым ауа ылғалдандырғыш құрал да көмектеседі. Сондықтан мүмкіндік болса, үйге және кеңсеге ауа ылғалдандырғыш сатып алып қойған дұрыс.
Қажет болса, тері күтімі құралдарын ауыстырыңыз.
Әдетте, температураның төмендеуінен тері өз типін өзгертеді. Мысалы, майлы тері типі араласқа ауысса, аралас тері құрғаққа айналады. Ал құрғақ тері типі одан сайын құрғақтай түседі. Мұндай кезде күтім құралдарыңызды ауыстыру керек болады: кремдердің майлы түрлеріне мән беріңіз. Бет жуатын гельдерді олардың көбік немесе крем секілді жұмсақ түрлеріне ауыстырып көріңіз. Скрабтардың бөлшектері өте ұсақ түрлеріне мән беріп, оны сирек (мысалы, екі аптада бір рет) қолдануға тырысыңыз.
Рационға омега-3 майлы қышқылдарды қосыңыз.
Рационға омега-3 майлы қышқылдарын қосу арқылы тері құрғақтығынан арылуға және липидті қорғанысты қалпына келтіруге болады. Омега-3 майлы қышқылын бір грамнан күніне екі рет ішу керек. Сондай-ақ құрамында омега-3 майлы қышқылдары бар азық-түліктерді (грек жаңғағы, албырт, скумбрия, ақ үрмебұршақ және т.б) жеуді ұмытпаңыз.