Тырнақты қатайтатын пайдалы процедуралар

Тырнақты қатайтатын пайдалы процедуралар
Фото: crello.com

Егер тырнақ қабыршақтанып, сына берсе, әдемі маникюр жасату мүмкін емес. Сондай-ақ, мұндай тырнақты қатайтпаса, оның жағдайы одан бетер нашарлап, уақыт өте ауыруы да мүмкін. Тырнақты қатайтатын және күтімді түр сыйлайтын бірнеше процедураларды ұсынамыз.

Майлар көмегімен қатайту
Табиғи майлардың құрамындағы дәрумендер мен микроэлементтер тырнақты қатайта алады. Әсіресе, зәйтүн, майсана және ошаған майымен жасалатын процедуралар пайдалы. Бұл майлармен тырнаққа компресс жасасаңыз болады: ол үшін майланған мақта дискілерін тырнаққа орап, 20 минуттан кем емес уақыт ұстау керек. Косметикалық қолғап болса, соны киіп алып, бұл компресті түнге қалдыруға да болады. Бұл процедураны аптасына екі рет жасаған жөн. Компрестің орнына майды тырнаққа массаж жасау арқылы уқалап жағуға болады. Бірақ мұндай процедураны күніне бірнеше рет жасай берген дұрыс. Тырнаққа май жаққан кезде саусақтарыңызға және қолдарыңызға массаж жасаған артық етпейді. Себебі массаж қан айналымды жақсартады. Бұл тырнаққа да пайдалы әсер береді: тырнақ айналасындағы теріге көбірек пайдалы заттар барады.

Дәріханалық nail-құралдар
Дәріханаларда тырнаққа арналған емдік лактар сатылады және олардың құрамында тырнақты қатайтатын дәруменді-минералды комплекстер болады. Сондай-ақ түссіз қаптама механикалық зақымдардан қосымша қорғайды. Қазір қатайтатын емдік лактардың түрлі түсті түрлері де бар. 

Тырнаққа арналған ванналар
Күнделікті ваннаға арналған ең қарапайым ингредиент — теңіз тұзы. Ол тырнақты жақсы қатайтады. Тұзды суға тырнақтар толықтай батып тұратындай етіп саусақтарды 15-20 минут шамасында салып отыру керек. Содан соң қолға қоректендіргіш крем жағып қойған жөн.

Лимон
Тырнақты қатайту үшін оны лимон суымен сүртуге болады. Сондай-ақ тырнақты лимон етіне салып, 10 минут шамасында ұстау да пайдалы.

Салондық «парафинді ванна» процедурасы
Бұл процедура сұлулық салондарында жасалады. Процедура кезінде ерітілген парафині бар арнайы ваннаға қолды салады. Мұндай процедура тырнақты қатайтуға және тырнақтағы ұсақ жарықшаларды кетіруге көмектеседі.

Салондық «тырнақты қаптау» процедурасы
Бұл процедураны тырнаққа балауыз немесе биогель жағу арқылы арнайы косметологтар жасайды. Ол 40 минуттай уақытты алады және бір жасағаннан-ақ жақсы нәтиже береді. Процедура кезінде тырнаққа қаптамасыз маникюр жасайды, содан соң оған балауыз негізіндегі құрал жағады. Процедураны қоректік май жағумен аяқтайды. Қаптау процесі кезінде тырнақ қыздырылатындықтан пайдалы заттар жақсы сіңеді.

Дәруменді емдеу
Тырнақ көп жағдайда ағзаға дәрумен жетпегендіктен қабыршақтана береді. Тырнақты қатайту үшін дәріханадан А және Е дәруменінің ампула түрін сатып алыңыз. Бұл екі элементті араластырып, оны тырнаққа жағу керек. Тырнақты дәрумендермен емдеу курсы 1-2 аптаға созылуы керек. Оны осы уақыт бойы күнде жағу керек болады, сондықтан кез келген лактан бас тарта тұру қажет. Нәтиже бірден көріне бастайды, курс аяқталған соң келесісін 1-2 айдан соң ғана жалғастыруға болады.

А. Жапатова