Қартаюды тежейтін өнімдер

Қартаюды тежейтін өнімдер
Фото: unsplash.com

Қартаю – биологиялық процесс. Белгілі бір жасқа жеткеннен кейін ағзаның мүмкіндігі төмендейді. Қартаю кезінде тіннің серпімді талшықтары және су мөлшері азаюынан тері жұқарып, қатпарланып әжім пайда бола бастайды. Жасымыздан егде көрінбеу үшін теріні жасартатын түрлі крем жағып, бетімізге көптеген маска жасап жатамыз. Тез қартаюдың бір ұшы жеген тағамға да байланысты. Қартаюды тежейтін, үнемі жас қалыпты сақтауға көмектесетін өнімдер бар. Солардың бірнешеуін ұсынамыз.

♦ Асқабақ дәні мырышқа, триптофанға және көптеген қанықпаған май қышқылдарына бай. Ол теріні серпімді ете түседі. Асқабақ дәніндегі каротиноидтар мен Е дәрумені жүрек ауруларының алдын алуға және холестеринді төмендетуге көмектеседі;

♦ Қызанақтың құрамында ликопен көп. Бұл зат теріні күйіп қалудан қорғайды. Ликопен мен бета-каротиннің жетіспеуі инфаркт пен инсульт қаупін арттырады. Қызанақтың құрамындағы ликопен қандағы холестеринді төмендетеді және тамырлардың жұмысын жақсартады;

♦ Балықтың майлы түрлері омега-3 май қышқылдарына және диметиламиноэтанолға, табиғи қоректік заттарға бай. Майлы балық теріде әжімдердің пайда болуына жол бермейді. Омега-3 қабынуға қарсы қасиеті бар және терінің, тырнақтың, шаштың жағдайын жақсартады;

♦ Какао немесе қара шоколад құрамында флавоноидтардың (флавонолдардың) арнайы тобы бар. Олар ерте қартаюға әкелетін қабынумен күреседі;

♦ Ақжелкеннің құрамында С дәрумені, каротиноидтар, хлорофилл бар. Олар қанды тазартады және ағзаның жас қалпын сақтайтын глутатион өндірісін жақсартады.

Т. Раушанұлы