Көне дәуірде шашқа қалай күтім жасаған?

Көне дәуірде шашқа қалай күтім жасаған?

Қазір медицина, косметология дамып, денеге күтім жасайтын өнім мен тауар көбейгені рас. Бірақ нарық заманында көп тауардың қайсысы шынымен пайдалы екенін ажырата алмай қалатынымыз бар. Кейде «бәрі химия» деп жақтырмай жатамыз.

Мұндайда халық емінен артығы жоқ сияқты. Өйткені көне заманның білімін адамдар ұзақ жылдар, тіпті, ғасырлар бойы пайдаланып, кереметін көзбен көрді десек болады. Қазір сол білімнің кейбірі ұмытылып бара жатыр.

Косметология саласында жүрген компаниялардың өзі көне заман білімін қолдану арқылы сусабын, сабын мен бальзам жасайтыны белгілі.

Ауылда жүргенде үлкендердің шашын жаңбырдың суымен, айранмен, іркітпен, сарысумен жуған кездері есімізде шығар. Бұл да халық амалы емес пе?!

Сонымен көне заман адамдарды шашқа қалай күтім жасаған екен?

Мәселен, көне арабтар шаш тез өссін әрі құйқа тазарсын деп өсімдік майын басқа жағатын болған. Олардың арасында зәйтүн майы да бар. Ал басты суға күл қосып жуған.

Индонезиялықтар сусабынның не екенін білмеген, басты күріштің суымен, кейде күріштің сабаны мен қабығын суға салып араластырып, көпіртіп барып жуған. Шаш жарқырап тұруы үшін кокос майын жаққан. Кокостың құрамында шашқа қажет пайдалы, табиғи заттар мол.  

Көне Мысыр тұрғындары сұлулық пен косметикаға көп мән бергені белгілі. Бұл салада біршама жетістікке жеткен. Көне мысырлықтар саз балшық пен күлді араластырып қазіргі сусабынға ұқсас көпіргіш зат жасай алған.

Үнділер басын кокос сүтіне қара бұрышты араластырып жуып, сәлбен шөп дәрісінен дайындалған қайтатпамен шайған.

Ал бұрынғы қазақтар басын ашытылған сүтпен, айранмен жуған. Бұл салт әлі де бар. Қазір кейбір әйелдер айран, қаймақты шашқа жағып, маска жасайды.

Ал орыстар көктерек пен қайыңды отқа жағып, соның күлін ыстық суға араластырып бас жуған.





ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Соңғы жаңалықтар