Құрғақ теріге арналған 3 маска

Құрғақ теріге арналған 3 маска
Фото: freepik.com

Құрғақ терінің жағымсыз жақтары көп. Оның себебінен бет терісінде ақ қабыршықтар көрініп тұрады және окейде қышиды. Егер оған уақытында күтім жасамаса, әжім ерте пайда болады. Теріні ылғалдандыру үшін уақытылы маска жасап тұру керек. Ол үшін қымбат маска сатып алудың қажеті жоқ. Себебі ылғалдандырушы және қоректендіруші маскаларға қажетті ингредиенттер үйден де табылады.

1-рецепт: Банан маскасы

Көпшілікке бұл жемістің дәмі ұнайды. Бұрын экзотикалық болып саналған бұл жеміс қазір барлық адамға дерлік қолжетімді. Одан жасалған маска тегістеуші, сергітуші және ылғалдандырушы әсерге ие. Оның құрамындағы жеміс қышқылы бет терісі түсін жақсартады және теріні сергітетін микроэлементпен қамтамасыз етеді.

Бананнан құрғақ теріге арналған маска жасау үшін оның біреуін шанышқымен езіңіз. Оған 1 шай қасық зәйтүн майы мен 1 жұмыртқаның сарысын қосыңыз. Осы ингредиенттерді жақсылап араластырып, алдын ала тазартылған теріге жағыңыз. Маска бетіңізден жылжып ағып кетпес үшін оны жатып жаққан жөн. Оны 15 минуттан соң салқын сумен шайып тастап, бетіңізге крем жағып қойыңыз. Бұл процедураның жағымды әсерін созу үшін ұйықтарда жасаған дұрыс.

2-рецепт: Сүзбе маскасы

Өте пайдалы сүт өнімдерінің бірі – сүзбе. Дәрумендер, амин қышқылдар мен ферменттердің көзі болып табылатын сүзбе тек асқазан мен ішектерге емес, сондай-ақ бет терісіне де қажет. Үйден дайындалған сүзбе маскасы аллергия бермейді.

Оны дайындау үшін 2 ас қасық сүзбеге 1 ас қасық сүт және 1 ас қасық сұйық бал қосыңыз. Осы ингредиенттерді араластыру арқылы күшті қоректендіруші маска жасайсыз. Оны бетте 25 минут ұстап, жылы сумен шайып тастау керек.

3-рецепт: Қияр маскасы

Қияр тері құрғақтығын жеңілдетуге арналған құралдарға жиі қолданылады. Оның жұмсағы мен шырыны теріні ағартады, оған сау түр сыйлайды және ылғалдандырады. Қиярды бұл мақсатта өз маусымында қолданған пайдалырақ болады. Қиярды құрғақ теріге қолданудың ең оңай әдісі – оның тілімдерін бетке қою.

Сондай-ақ қиярды үккіштің ұсағынан өткізіп, оны 1 ас қасық қаймақпен немесе табиғи йогуртпен араластыруға болады. Осы қоспаны бет терісінде 15 минут ұстап, салқын сумен шайып тастаңыз.

Ескерту: Мұндай маскаларды аптасына 1-2 реттен артық жасауға болмайды. Күнде қолдануға болмайтын басқа да күтім құралдары жайлы мына жерден оқи аласыздар.

А. Жапатова