Бет күтімі: Қаймақтан жасалатын маскалар

Бет күтімі: Қаймақтан жасалатын маскалар
Фото: freepik.com

Қаймақ құрамындағы дәрумендер, минералдар мен сүт майы бет терісіне өте пайдалы. Қаймақтан жасалған маскадан соң солған тері тартылады, құрғақ тері ылғалданады, ал майлы тері күңгірт бола түседі.

Теріңіз құрғақ болса, ең майлы қаймақты алыңыз. Ал егер теріңіз майлы болса, май үлесі төмен қаймақ таңдаңыз.

Ең қарапайым рецепт – қаймақтың өзін бетке қалың етіп, бірақ көз айналасына тигізбей жағып шығу. Оны бетте 15 минуттай ұстап, сумен жуып тастайсыз. Маска әсерін күшейту үшін оған басқа да ингредиенттер қосуға болады.

Құрғақ теріге арналған маскалар

1-рецепт: Құрғақ және қалыпты теріні ылғалдандыру үшін 1 ас қасық қаймаққа 1 ас қасық үккіштен өткізілген қияр салыңыз. Бұл қоспаны бет терісіне жағып, 15 минут ұстаңыз.

2-рецепт: 1 ас қасық қаймақты, 1 жұмыртқаның сарысымен және 1 ас қасық үккіштен өткізілген сәбізбен араластырыңыз. Бұл масканы 15-20 минуттан соң жуып тастаңыз.

3-рецепт: 1 ас қасық езілген банан мен 1 ас қасық қаймақты араластырып, бетте 15-20 минут ұстаңыз.

Майлы теріге арналған маска

1 ас қасық қаймақты 1 жұмыртқаның ағымен және 1 ас қасық кез келген цитрус шырынымен араластырыңыз. Жұмыртқаның ағын қаймақпен бірге миксермен араластыруға болады. Бұл масканы бетте 15 минут ұстап, суықтау сумен шайып тастаңыз.

Барлық тері типіне арналған маска

1 ас қасық қаймаққа 2 ас қасық алоэ шырынын құйыңыз. Оны бетте 10-15 минут ұстаңыз.Қаймақ пен алоэ теріні сергітеді, тыныштандырады және жұмсартады.

А. Жапатова