Жаңажылдық кешке арналған шаш үлгілері

Жаңажылдық кешке арналған шаш үлгілері
Фото: pinterest.com

Жаңа жыл да жақындап қалды. Корпоративті отырыстар, достармен кездесу немесе отбасылық дастархан – әр қыз барлық мерекеде әдемі көрінгісі келеді. Ең қарапайым көйлектің өзін шаш үлгісі арқылы ерекше етуге болады. Сондықтан жаңажылдық кешке арналған шаш үлгілеріне идеялар ұсынамыз.

Моншақтар
Кез келген шаш үлгісін моншақтар арқылы мерекелі етуге болады. Ол, әдетте, моншағы бар түйреуіш ретінде сатылады. Биыл інжу тастары бар әшекейлер сәнде болғанын білеміз. Шаш үлгісі стильді көрінуі үшін әр түрлі өлшемдегі моншақтары бар түйреуіштер алыңыз. Оларды шашыңызға ретті немесе ретсіз түрде де тағуға болады.

Жылтыр
Жылтырсыз мереке бола ма? Шаш үлгісіне арналған жылтыры бар лактар мен спрейлер болады. Тіпті, оның түрлі түсті түрлері де кездеседі. Бір күн мұндай құралды қолданған шашқа зиянын тигізе қоймайды.

Шашты төменге буу
Минимализмді жақсы көретін қыздарға шашты тегіс етіп төменге бууды ұсынамыз. Ол кез келген киім үлгісіне жарасады және нәзік әрі ұстамды көрінеді.

Шашқа сақина тағу
Осы жылдың бір тренді – шашқа дөңгелек әшекейлер өткізу. Шашты өре отырып, арасына дөңгелек әшекейлерді өткізіп отыру керек. Бұл шаш үлгісі уақыт алуы мүмкін және өзіңізге жасау қиынға соғады. Сондықтан осындай әшекейлерді сатып алып, шашты жақсы өретін құрбыңызға немесе шаш маманына барыңыз.

Түйреуіштер
Түйреуіштер әлі де сәннен шыққан жоқ. Түйреуіштермен шашты қыстырып қана қоймай, оны  безендіруге болады.

А. Жапатова