Жерорта теңізі диетасының негізгі ережелері

Жерорта теңізі диетасының негізгі ережелері
Фото: pixabay.com

Жерорта теңізі елдерінің тұрғындары денінің саулығымен, болмыс-бітімінің сұлулығымен және ағзасының төзімділігімен танымал. Ол жақта адамдар жүрек-қан тамырлар ауруларымен өте сирек ауырады және бұл елдерде өмір сүру ұзақтығы жоғары болып келеді. Тамақтану саласындағы халықаралық сарапшылар ең үздік диеталар рейтингін ұсынғанын жазғанбыз. Жерорта теңізі диетасы үздік диеталар рейтингінде көш бастап тұр. Ендеше, оған жеке тоқталып кетуді жөн көрдік.

Жерорта теңізі диетасының негізгі 10 принципі

1. Қызыл етті сирек жеу. Қызыл еттің орнына балық және майсыз құс жеуді ұсынады. Сиыр мен қой еті өте сирек қолданылады.

2. Таңғы ас кезінде көмірсулар тұтыну. Таңертеңмен ағза "энергетикалық қуатты" қажет етеді. Оған жемістер мен ұн өнімдері көмектеседі. Таңғы аста алынған көмірсулар күні бойы тарап үлгереді. Сондықтан ұнды өнімдерді қорықпай таңғы асқа жей беріңіз. Ағза өзіне қажетті энергияны алуы керек.

3. Түскі асқа ақуыз бен жасұнық жеу. Түскі ас мәзірінде ақуыздар мен өсімдік элементтері болуы керек. Ет немесе балық, көкөністер – түскі ас рационында міндетті түрде болуы керек азық-түліктер.

4. Калориясы өте аз кешкі ас. Ұйықтар алдында калориясы өте аз азық-түліктер жеу ұсынылады. Мысалы: көкөністі салат.

5. Міндетті түрде тіскебасар жеу. Бұл диета ережесі бойынша, күніне 5 рет тамақтану керек: 3 негізгі, 2 жеңіл-желпі тамақтану. Тіскебасар ретінде жаңғақтар, кепкен жемістер, балғын жемістер, көкөністер немесе табиғи йогурт жеуге болады.

6. Фаст-фудқа тыйым салынады. Сондай-ақ жартылай дайын өнімдер, фабрикалық тұздықтар мен дайын өнімдерді қолдануға болмайды.

7. Жануар майларының орнына зәйтүн майын қолдану. Жануар майларының барлық түрлерін ас мәзірінен толықтай алып тастайды.

8. Физикалық белсенділік. Жақсы нәтиже болу үшін Жерорта теңізі диетасын физикалық белсенділікпен үйлестіру керек. Мысалы, фитнес, жүгіру, жаяу жүру және бимен айналысуға болады.

9. Тұзды азайту. Рационға құрамында аз-ақ қана тұзы бар майсыз ірімшіктер кіреді. Ол ағзаға қажетті тұз мөлшерін толықтырады. Тұзсыз тамақты жеу бастапқыда қиын болатындықтан оған шөптерден жасалған дәмдеуіштерді қосу ұсынылады.

10. Өсімдіктен жасалған тамақты көп жеу. Себебі олар – осы диетаның негізгі құрауыштары.

Жерорта теңізі диетасы қанша күнге созылуы керек?

Бұл диетаның ұзақтығы бойынша қатаң шектеулер жоқ. Мұндай тамақтану жүйесін өмір бойы ұстануға болады. Себебі бұл диета өмір ұзақтығын жақсартады, артық салмақтан арылтады және көптеген аурулардың алдын алады. Бұл диетаны жүктілер мен балаларға да ұстауға болады.

Жерорта теңізі диетасының негізгі ережелері

Бұл диета арықтауға арналмаған. Оның негізгі мақсаты – ағзаны сауықтыру. Бірақ ол арқылы ағзаны сауықтыра отырып, арықтауға да болады. Тек арықтау сіз ойлағандай жылдам болмайды. Егер бұл диета арқылы арықтасаңыз, басқа кей диеталардағыдай қайтадан салмақ оралмайды. Дұрыс тамақтану әдетке айналатындықтан нәтиже де ұзаққа сақталады. Бұл диета кезінде бірнеше ережені сақтау керек:

1. Тәулігіне 6 стақан су ішу;
2. Қант орнына бал жеу;
3. Тәтті жеуге болады, бірақ күнде емес.
4. Жаңғақтар, шемішкелер, дәнді дақылдар – рационның міндетті ингредиенттері;
5. Жемістер, көкөністер, жидектер мол болуы керек;
6. Балық пен теңіз өнімдері етке қарағанда жиірек кездеседі;
7. Еттің орнына күркетауық, тауық және басқа да құс еттерін қолдану керек. Бірақ құс етін күнде жеуге болмайды;
8. Қызыл етті 14 күнде 1 рет жеуге болады;
9. Қалауыңызға қарай түскі немесе кешкі асқа 1 стақан қызыл шарап ішуге болады.

Жерорта теңізі диетасының 5 күнге арналған мәзірі (бұл көрсетілген мәзір бір ғана мысал)

Дүйсенбі

Таңғы ас: Буға немесе грильге пісірілген макарон мен көкөністер;
Тіскебасар: Жеңіл салат. Мысалы, тунец, салат жапырағы және зәйтүнді сұйық маймен араластырып, дәмдеуіштер қосыңыз;
Түскі ас: Көкөністермен бірге бұқтырылып пісірілген балық;
Тіскебасар: Суға піскен жұмыртқа және шөптер шайы;
Кешкі ас: Қызанақ пен ірімшіктен жасалған салат. Оны зәйтүн майымен араластырыңыз.

Сейсенбі

Таңғы ас: Бал жағылған нан тілімі және көк шай;
Тіскебасар: 1 стақан майсыз айран;
Түскі ас: Суға піскен күріш пен көкөністер және грильде дайындалған балық;
Тіскебасар: 1 стақан жидектер немесе кепкен жемістер;
Кешкі ас: Үрмебұршақ пен көкөністерден дайындалған рагу.

Сәрсенбі

Таңғы ас: Нан мен ірімшіктен жасалған бутерброд, көк шай;
Тіскебасар: 1 кесе табиғи йогурт;
Түскі ас: Суға піскен тауық еті және көкөністі салат;
Тіскебасар: Жемістер;
Кешкі ас: Албырт (ақсерке) еті және қырыққабат салаты.

Бейсенбі

Таңғы ас: Қызанақпен және болгар бұрышымен дайындалған спагетти;
Тіскебасар: 1 кесе табиғи йогурт;
Түскі ас: Буға піскен балық және көкөністі салат;
Тіскебасар: Шабдалы мен алма салаты;
Кешкі ас: Жидектер немесе кепкен жемістер қосылған 2 ас қасық сүзбе.

Жұма

Таңғы ас: Қарақұмық ботқасы мен көкөністі салат;
Тіскебасар: 1 алмұрт, 30 г жаңғақтар;
Түскі ас: Балықтан жасалған сорпа;
Тіскебасар: Кез келген жемістер;
Кешкі ас: Жұмыртқа омлеті және көкөністі салат.

Жерорта теңізі диетасының кемшілігіне – оның өнімдерінің қолжетімсіз қымбат болуы. Сондықтан кей ұқсас өнімдерді өзіңізге тиімді етіп ауыстыруға болады. Мысалы, зәйтүн майы қымбат болғандықтан оны қарапайым өсімдік майымен алмастырыңыз. Бірақ зәйтүн майын қымбатқа бір алып қойсаңыз, ол ұзаққа жетеді. Зәйтүнді асқабақ шемішкесі мен грек жаңғағына ауыстырыңыз. Олар да ағзаны қажетті майлы қышқылдармен қамтамасыз етеді. Қызыл балық та өте қымбат, сондықтан оның орнына арасында скумбрия, майшабақ сияқты балықтар қолданыңыз.

А. Жапатова