Француз әйелдері сымбатының құпиясы

Француз әйелдері сымбатының құпиясы
Фото: freepik.com

Француз әйелдері – стильдің, сұлулықтың және сүйкімділіктің эталоны. Француз әйелдерінің сымбатты болып қалуына олар ұстанатын тамақтану қағидаларының үлесі мол.

Азық-түлікті супермаркеттен емес, базардан сатып алыңыз
Француз әйелдері үшін тамақтың сапасы аса маңызды. Олар жақсы танитын және сенетін сатушысы бар жергілікті базардан табиғи өнім алуға тырысады. Франция тұрғындары тек мерзімдік көкөністер мен жемістерді алады. Ет пен балыққа да аса мән береді. Олар супермаркетте сатылатын жартылай фабрикат, мұздатылған өнімдерге және консервілерге қызыға бермейді.

Тамақты үйден пісіріңіз
Франция аспаздық ел болып саналады. Сондықтан да тұрғындар үйден тамақ пісіргенді жақсы көреді. Егер үйден толыққанды түскі ас ішсеңіз, күні бойы тоқ жүріп, зиянды тіскебасарларды іздей бермейсіз. Оның үстіне жылдам дайындалатын тамақтану орындарына қарағанда үйдің тамағының неден дайындалғанын біліп отырасыз.

Тамақты кішкентай порциялармен жеңіз
Француз әйелдері кішкентай порциямен тамақ ішкенді жөн көреді. Сол кезде асқазан созылмайды, ауырлық сезінбейсіз және зат алмасу жылдамдайды. Бұл ағзаның тамақты толықтай қорытуына көмектеседі.

Таңғы асыңызды жұмысқа өзіңізбен бірге алып барыңыз
Таңғы ас ағзаның оянуына және барлық органдардың іске қосылуына жауап береді. Егер таңғы ас ішпесеңіз, асқазан жұмысын бұзып алуыңыз мүмкін. Дұрыс таңғы ас ішпесеңіз, түскі ас кезінде тамаққа қатты тойып аласыз. Сондықтан тамақ ұзақ қорытылады, ал сіз өзіңізді ауыр сезінесіз. Франция тұрғындары асығып бара жатса, тамақтарын контейнерге немесе қағаз пакеттерге салып, өздерімен бірге жұмысқа алып кетеді.

Дастархан басында кітап оқымаңыз немесе экранға қарамаңыз
Тамақ ішкенде теледидардан және ұялы телефоннан бас тартыңыз. Барлық техника тамақ дәмінен рахат алуға кедергі болады. Францияда тамақ ішіп отырып, бір-бірімен әңгіме айтып отыруды жөн көреді. Француздар үшін тамақ ішу процесі өте маңызды, олар әр тамақтан рахат алуға тырысады. Оның үстіне тамақтың әдемі безендірілгеніне және оны ішу этикасына мән береді. Олар дастархан басында тамақты асықпай ішеді. Сол кезде ағза тамақты қорытып үлгереді. Ал басқа нәрсеге алаңдап отсаңыз, қалай артық тамақтанып қойғаныңызды байқамай қаласыз.

Йогуртті үйден дайындаңыз
Дүкенде сатылатын йогурттардың көпшілігінде қанттар, консерванттар және дәм күшейткіштер көп. Бұл өнімді жақсы көретіндер оны үйден дайындауды үйреніп алғаны жөн. Ол үшін табиғи сүт, ұйытқы және йогурт дайындайтын құрал керек. Оның пайдасын арттыру үшін оған жаңғақтар, жидектер және кепкен жемістер қосуға болады. Табиғи йогурт асқазан-ішек жолы жұмысын қалпына келтіреді және арықтауға көмектеседі.

Суды көп ішіңіз
Суды көп ішу зат алмасу процесін жылдамдататыны және бет терісі жағдайын жақсартатыны ешкімге құпия емес. Француз әйелдері суы бар бөтелкені үнемі өздерімен бірге алып жүреді. Оның үстіне уақытылы су ішсеңіз, артық тамақ жей алмайсыз. Себебі үнемі өзіңізді тоқ сезініп жүресіз.

Жеуге болмайтын тағамдарды сатып алмаңыз және үйде сақтамаңыз
Дене сымбаттылығына зияны тиетін өнімдерді сатып алмаңыз. Өзіңіздің ерік күшіңізді тексеріп қайтесіз? Одан да тоңазытқышты пайдалы өнімдермен толтырып қойыңыз.

А. Жапатова