Қыста салмақ қосудың сыры неде?

Қыста салмақ қосудың сыры неде?
Фото: medicaldaily.com

Қыс мезгілінде көп адамдар салмақ қосып, кейіннен арыла алмай жүреді. Оған әсер етуші түрлі факторлар бар екені жасырын емес. Олай болса, ең басты сыры неде екен?

Суық мезгілде салмақ тастау мен оны қалпында ұстаудың қиын екенін көпшілік біледі. Бұл жайында ғалымдар зерттеуі де аз емес. Жақында АҚШ-ғы Массачусетс университетінің зерттеушілері ағзадағы осы бір құбылысты арнайы назарға алып, қорытындыларын шығарды. Олардың зерттеуі бойынша, бұл адам миындағы процесстерге байланысты екен. Себебі қыс мезгілінде адамды бақытқа бөлейтін сиротонин гармоны аз бөлінеді. Нәтижесінде адам өзін аш сезініп, көмірсуға бай тағамдарды көбірек тұтына бастайтын көрінеді.

Өткен жылы ағылшын ғалымдары да осы құбылысқа байланысты бас қатырған еді. Олар адамның қыста салмақ қосуын Bacteroidetes және Firmicutes бактерияларына байланысты деп ой түйген.

Қыста ағза жылуды сақтау үшін көп мөлшерде энергия жұмсайды. Сондай-ақ, қыс мезгілінде күн сәулесі көп түспейтіндіктен, ағзаға "D" дәрумені жетіспейді. Осы кезде көпшілік авитаминоз ауруына шалдығып, иммунитеті төмендейді. Түрлі вирустық сырқатпен ауырады.

Ағза қалыпты жұмыс істуі үшін энергия қажет болады. Ал тәттілер қолжетімді энергия көзі болып саналады.

Кәмпиттер мен тәтті тоқаштар көңіл-күйді көтеретіні белгілі. Алайда тәттілерді көп мөлшерде тұтыну – артық салмақ қосуға әкеліп соғады.

Егер физикалық белсенділік төмен болса, соңы семіздікке апаруы мүмкін. Жастар артық салмақтан оңай құтылады. Ал 35 жастан жоғары адамдарда зат алмасу процесі баяу жүретіндіктен, ас ұзақ қорытылады.

Қыста салмақ қосудан сақтану үшін не істеу керек? Ол үшін суықты сылтауратпай, спортпен шұғылдану маңызды. Үнемі қимыл-қозғалыста болу керек. Сондай-ақ психологтар көк және көгілдір түсті ыдыстармен тамақтануды алға тартады. Олардың айтуынша, қызыл, сары түстер адамның тәбетін ашып тұрады. Ал көк және көгілдір түстер керісінше әсер етеді екен. 

Н. Үсенова