Адамның сыртқы келбеті сұлу болғаны бәрімізге де ұнайды. Дегенмен әрбір арудың қасы табиғатынан әдемі бола бермейді. Ал бүгінде арулар арасында перманентті макияжға жүгінетіндер саны жылдан-жылға артып келеді. Тіпті осы тұста косметологтар татуаждың түр-түрін жасап жатыр. Перманентті макияж 1980 жылдары Тайвань және Еуропа елдерінен шыққан. Ал Қазақстанға 2014-2015 жылдары келе бастады. Бұрынғы татуаж бен қазіргі перманентті макияждың арасында үлкен айырмашылық бар. Татуаж теріге терең енгізіліп, татуировкаға арналған пигментті бояулар пайдаланғандықтан, 5-6 жылға дейін теріде сақталатын. Алайда уақыт өте келе өз түсін (жасыл немесе қызғылт) өзгертіп, жасанды болып көрінетін еді. Ал қазіргі перманентті макияжда терінің тек беткі қабаты ғана боялады. Сол себепті мамандар адамның табиғи қасының қалпын сақтауға тырысады және бояу мерзімі 2-3 жылға дейін бұзылмайды. Бүгінде қасынан бөлек ерніне перманентті макияж жасататын арулар саны артуда. Алайда бұл жұмысты өз ісінің шебері, тәжірибесі мол адамаға ғана жасату қажет. Себебі бұл әдеміліктің де өз нұсқаулықтары, ережелері бар. Перманентті макияждың (ПМ) тиімділігі айна алдындағы уақытыңызды үнемдейді. Себебі қасты бояп, оның формасын келтіру біршама уақыт алады және екі қасты бірдей етіп шығару шеберлікті қажет етеді. Ал бұл татуаж сізді бұл мәселеден құтқарады, тек қастың айналасына өсетін түктерді уақытында алып отырса болғаны. Екінші бір тиімділігі бояна алмайтын қыздар мен косметикаға аллергиясы бар қыз-келіншектер үшін перманентті макияждан кейін қасқа, ерінге артық бояу жағудың қажеті жоқ. Бұл істің мамандары бұрынғы татуажға қарағанда тиімділігін айта отырып, адам ағзасына зияны жоқ екенін, қауіпсіздігін алға тартады. Алайда перманентті макияжды жасатуға болмайтын себептер де бар. Олар: қант диабеті, тері аурулары, онкология, жүктілік кезінде, қан ұйығыштыққа бейім болғанда, сонымен қатар теріге тыртық тез қалатын жағдайларда және аллергиясы бар адамдарға бұл процедураға тыйым салынады. Егер де аллергияңыз болса, әуелі қолыңызға жағып байқап көргеніңіз дұрыс. 2-3 күнде ағзада немесе теріде айтарлықтай (ісу, қызару, қышынау) өзгеріс болмаса, онда қорықпай маманға сеніп, татуаж жасатуыңызға болады. Бұл татуажды16-65 жас аралығындағы қыз-келіншектер, әйелдер жасатады екен. Алайда бүгінгі таңда ПМ-ға егде жастағы әйелдерге қарғанда, мектеп жасындағы оқушылар және 20-25 жас аралығындағы қыздар көп келеді екен. Көпшілігі қасты ғана жасатып қоймай, еріннің формасын үлкейтіп, көзінің айналасын да сәндейтін көрінеді. Перманентті татуаж Қазіргі шеберлер Көлеңкелі қарайту әдісіндегі тұрақты макияж (перманентный макияж в технике теневая растушевка) деген соңғы шыққан техниканы қолданады. Онда пигменттерінің тек беткі қабатына ғана енгізілгендіктен, бояу өз түсін сақтап қалады және табиғи болып көрінеді. Ол теріде 6 айдан 1,5 жылға дейін сақталады. Алайда бұл тұста терінің құрғақ немесе майлы болуы өте маңызды. Себебі тері майлы болса, бояу көпке тұрмайды. Сонымен қатар адамның жасы да маңызды рөл атқарады. Жас ағзада тері тез жаңарып отыратындықтан пигмент тез өшеді, ал егде жастағы әйелдерде ұзақтау сақталады. Алғашқыда татуаждың түсі жоспарлағаннан да қанық түсті болады. 1 апта көлемінде қасыңыз өз түсіне қайтып келеді. Перманентті татуаж жасар алдында арнайы анестетик кремді 15-20 минутқақасқа жағып қояды. Бұл терінің сезімталдығын азайтып, процедура кезінде тері ауырмауы үшін жасалады. Одан соң қарапайым қас бояйтын қарындашпен татуаждың пішіні сызылады. Шеберге өз қалауыңызды осы тұста ашып айтқаныңыз жөн. Одан соң шебер өз жұмысын бастайды. Алғашқы процедурадан соң 3-5 апта өткенде міндетті түрде шеберге қайта келіп, қасқа түзету жасау керек. Себебі бұл татуаж терінің беткі қабатына жасалғандықтан, пигмент ұстамай қалатын жерлері болады. Ал одан кейінгі түзетулер орташа есеппен 5-6 ай сайын жасалып тұрады. Сонымен қатар қасқа жасалған татуаж жазылған соң ені мен ұзындығы сәл жіңішкереді. Татуаждан соң 1 тәулікке қасқа су тигізуге болмайды және 3 күн өткен соң қасқа вазелинді күніне 1 рет жағу қажет. Алайда оны қалың етіп жағуға да болмайды, ол қастың түсін өзгертуі мүмкін. Сонымен қатар 10 күн бойы ыстық моншаға түсуге болмайды. Түкті татуаж Түкті татуаж табиғи қасқа ұқсас, бір-біріне жақын етіп, жеке-жеке жіңішке талшық ретінде қасқа жасалатын татуаж түрі. Яғни түкті татуаждың технологиясы қарайту әдісінен аздап ерекшеленеді және бояу біркелкі сызықпен ғана жағылмайды. Бұл татуаждың бір ұтымды тұсы татуаж өз қасыңыздай болып көрінеді және қабағыңыздағы ұсақ тыртықтар мен басқа да кемшіліктер аса байқалмайды. Формасы жинақы әрі сәнді көрінеді. Алайда жақсы нәтижеге қол жеткізу үшін тәжірибелі маманға ғана жүгіну қажет. Бұл татуаж аса ұқыптылықты қажет етеді. Мұқият жасалған жұмыстың нәтижесінде ғана қасы-көзіңіз айқындала түседі. Биотатуаж Терінің астына бояу енгізуден қорқатындар үшін биотатуаж деген бар. Бұл әдісті Азия елдерінің әйелдері бұрыннан қолданып келе жатыр. Қынамен жасалатын бұл татуаж түрі еш қауіпсіз және өте көп күтімді де қажет етпейді. Алайда қасқа сызылған сурет ұзаққа шыдамайды. Мұндай татуаждан кейін ай сайын түзету жасатуға тура келеді. Есіңізде болсын Бүгінгі таңда перманентті татуаж жасайтын жер көп болғандықтан, барлығын бірдей сапалы қызмет көрсетеді деп айта алмаймыз. Сол себепті маманның өзге жұмыстарын қарап, танысып шығыңыз және қолданатын бояуына аса көңіл бөліңіз. Себебі бояу құрамында татуировкаға арналған пигмент болса, ол жасанды көрінеді. Егер де жақсы бояумен жасалса, өз уақыты келгенде бояу кетіп отырады. Қандай да бір затқа аллергияңыз бар болса, оны маманға алдын-ала ескерткеніңіз жөн және тері де жара болмауы тиіс. Сонымен қатар татуаж жасатпас бұрын шеберден қолданатын құрылғыларын залалсыздандыруын сұрағаныңыз жөн. Себебі бояуды теріге енгізетін бір реттік инеден түрлі аурулар жұғуы мүмкін. Сондықтан бір реттік инені көз алдыңызда ашуын шеберден сұраңыз. Перманентті татуаж жасатқан қыз-келіншектердің пікірі: Арай Жұмалиева: Перманентті макияж жасатқаныма 1 жыл болды. Қасымның жасанды екені тіпті білінбейді. Көбі өзіңнің қасың ба деп жатады. 5 ай сайын қасымды жөндетуге барып тұрамын. Қасымды жасаған қызбен жақсы араласып кеттім. Алтынай Уақасова: Менің терім майлы болғандықтан, бояу 4-5 айға жетпей өшіп қалды және алғашында қасымның жазылуы да ұзаққа созылды. 1 апта дегенде жазылды. Бірақ қасымның формасы бұрынғыдан жақсы болып қалды. Ботакөз Жақсыбай: Жанымдағы құрбыларымның көбісі жасатқан соң, мен де барып қасыма татуаж жасаттым. Қыздардың мақтаған шеберіне бардым. Бірақ жұмысы өз көңілімнен шықты. Маман әуелі перманентті макияж туралы көптеген ақпаратпен таныстырды. Содан соң ғана менің келісіміммен жұмысына кірісті. Жұмысы таза, ұқыпты. Әдемі болып жүру үшін қасқа мұндай татуаж жасатқан айып емес деп ойлаймын. Айгерім Көрпебаева: Қасыма перманентті татуаж жасатқаныма көп болған жоқ. Енді 1 айдан соң қайта барып, қасыма түзету жүргіземін. Алғашында 4-5 күн жұмыста ыңғайсызданып жүрдім. Кейін жазылған соң өз қасымнан ешқандай да айырмашылығын байқамадым. Адам денсаулығына, теріге аса зияны жоқ секілді. Қастарым бұрынғыдай өсіп жатыр. Қасымды жасаған қыз бұрынғы татуаж секілді емес, қасыңызды өзгерте аласыз деп айтты. Ақерке Әбілхан: Жаңа жылға дейін жасатқанмын. Коррекциясына екі жарым айдан соң бардым. Менікі секілді қасы сирек қыздар үшін перманентті татуаж жақсы болды. Ең бастысы жақсы мастер таңдау қажет. Коррекциясынан кейін әлі өз түсін ашқан жоқ. Алайда бұрынғыдан әлдеқайда әдемі. Перманентті макияждың кемшілігі татуаждан қалаған уақытта арыла алмайсыз, оны тек лазерлі құрылғылар арқылы ғана кетіруге болады.Ал пиллинг-крем арқылы кетіру ойдағыдай шықпауы мүмкін. Татуажды кетіру біраз шығынды қажет етеді және ол дұрыс жасалмаса жарақат алу қаупі бар екенін ескере жүріңіз. Сол себепті перманентті макияж жасамас бұрын бұл татуаждың артықшылықтары мен басты кемшіліктерімен кеңінен танысып алғаныңыз абзал.