- Негізгі бет
- Сымбат
- Күнге күйген теріні...
Күнге күйген теріні қалпына келтіру үшін...
Туғаннан бастап бет терісінде түрлі процесс жүреді. Ал ыстық күннен әсіресе бет терісі зардап шегеді. Тіпті қара дақтар пайда болып, бет терісі тез қартаяды. Сол себепті көктем-жаз мезгіліндегі күйген теріні қалпына келтірудің бірнеше қарапайым тәсілдерін назарларыңызға ұсынамыз.
1. Бетке түскен дақтың ұлғаюын тежеу үшін, айран немесе минералды суға лимон шырынын қосып, теріні сүртеді.
2. Кәдіден жасалған маска да бет терісін ағартуға жақсы көмектеседі. Ол үшін: кәдіні үккіштен өткізіп, ботқа дайындайды. Қоймалжыңды бетте 15 минут ұстап, салқын сумен жуады. Сонымен қатар бұл бет терісін сергітеді.
3. Картоп түйнегін қабағынан ашып, үккіштен өткізеді де сөлін дәкемен сығып алады. Оны бетке жағуға және дәкені картоп сөліне батырыр бетке қоюға болады. Күнге күйген бетке бұл масканың пайдасы зор әрі нәтижесі бар тәсіл. Көкөністің шырынына ұн қосып, қоймалжың масқа дайындауға да болады.
4. Күнге күйген тері үшін қою қызыл шайдың пайдасы зор. Жаңадан дайындалған шайға (1/4 стақан қайнаған суға 1 шай қасық шай түйіршіктерін салады да, 30-40 минут тұндыру қажет) дәкені батырып, бетке компресс жасайды. Мұны 20 минуттан күніне 2-3 реттен қайталап отыру қажет. Компресс ауырсынуды басып, күйген теріні қалпына тез түсіреді.
5. Майсыз ірімшік, 3 % сутек тотығы (перекись водорода), 4 шай қасық балды араластырып, бет терісінде 15 минут ұстайды. Сосын бетті сәлбен (шалфей) тұнбасымен шаяды. Мұны күн сайын кешке жасау қажет.
6. 1 стақан айранға 1 ас қасық сұлы ұнын араластырып, бетте 15 минут ұстайды да жылы сумен бетті жуады. Артынан бетті түймедақ тұнбасымен бетті шаю қажет. Бұл маска бет терісін ағартады.
7. Күреңот (иван чай) жапырағының қайнатпасына (10 гр құрғақ жапыраққа 1 стақан су құйып, қайнатады) дәкені малып, күйген теріге басады.
8. Жөке (липа) гүлінің тұнбасымен күн сайын кешке бетті жуса, тері тыныштанып, сергіп қалады.
9. Күйген бет терісін алоэ шырынымен сүртсе де жақсы әсер етеді.
10. 1 ас қасық құрғақ шайшөпке (зверобой) 1 стақан қайнаған су құйып, 10 минут тағы үстіне қайнатады. Салқындаған соң бет терісін тұнбамен сүртеді.
11. Косметикалық саздан бұлау да күйген теріге жақсы әсер етеді. 1 қораптағы жасыл немесе ақ сазды ваннадағы суға араластырып, 20 минут жату керек. Бұлаудан соң теріні сумен шаюдың қажеті жоқ.
12. 10-20 % емен қабығының тұнбасымен бетке компресс жасауға болады. 20-40 гр емен қабығына 200 мл су құйып қайнатады. Салқындатып 1 сағат бойына компресті 5-10 минут сайын қайталап отырады.
13. Қиярды үккіштен өткізіп немесе жұқалап бөліп қоймалжың жасайды. Оны теріге 15-20 минут ұстасаңыз күйген жеріңіз басылады.
14. Зығыр (лен) майы мен жалбыз тұнбасынан дайындалған компресс өте пайдалы. Оны жасау үшін: 1 ас қасық жалбызға 1 стақан қайнаған су құйып, 10 минут тұндырып қояды. Салқындаған соң тұнбаға 2 ас қасық зығыр майын қосады да дәкені батырып, күйген жерге қояды. Алайда 10 минут сайын ауыстырып отыру қажет. Ал мұны күніне 2-3 рет жасауға болады.
Есіңізде болсын!
Тері күнге күйген кезде басты 3 жағдайды назарыңызда ұстаңыз.
1. Күйген орынды сабынмен жууға мүлдем болмайды.
2. Құрамында спирті мол косметикалық заттарды ондай жағдайда пайдалануға болмайды.
3. Май немесе майлы кремдер теріні одан сайын тітіркендіріп, жарақаттауы мүмкін. Керісінше бұлардың орнына ең пайдалысы алоэ сөлі дейді мамандар.
Н. Үсенова