Құрғақ теріні күту жолдары

Құрғақ теріні күту жолдары
Фото: BagiraClub

Қабыршақтанып, құрғап тұратын тері дұрыс тамақтанбау (дəрумендердің жетіспеуі), зат алмасу, қан айналымның бұзылуы жəне оттектің қанға жеткілікті тасымалданбауы нəтижесінде болады. Құрғақ, босаң тері теріде қажетті ылғалдың жоқтығын көрсетеді. Мəселен қарапайым ғана суды көп ішпеудің өзі осының бірден бір себебі бола алады.

Əр жуынған сайын тері одан сайын құрғап, əжімденіп кетеді. Ол жылтырамайды жəне жиі əрі тез жараланып кетеді. Күн, жел, ыстық ауаның əсері құрғақ теріні айналып өткен емес. Онымен қоса спирт, опа, ағартқыш сықпамайларды қолданылатын  косметикалық процедураларға көп əуес болмау керек. 

Құрғақ теріге жасалатын күтімнің ең басты алғышарты тұтас денсаулықты нығайтуда болып саналады. Тері құрғауына егер дəрумендердің жетіспеушілігі себеп болса А жəне С дəрумендеріне бай азық-түліктерді тамақ рационына көбірек қосу керек. Сондай-ақ А дəруменін таза күйінде 2-3 апта бойы күніне 3 рет 5 тамшыдан қабылдау да оң нəтижесін береді. Ал егер құрғақ тері жас ұлғайған кезде пайда болса, онда косметикалық препараттардан бөлек, теріде ғана емес бүкіл организмдегі судың жетіспеушілігі орнын толтыру керек. Яғни күн сайын 5-6 стақан су ішіп, ылғалдандырғыш кремдер жағады.

Құрғақ теріні тазарту

Мұндай типтегі теріні жұмсартылған немесе бөлме температурасындағы сумен жуады. Тым суық су қан тамырларын жіңішкертеді де тері босаң тартып əжімденіп кетеді. Ал ыстық су да қан тамырларды кеңейтіп терідегі тесіктердің ұлғайып кетуіне əкеп соқтырады.

Жуыну əдісі: бөлме температурасындағы сумен бетті шайып, сүлгімен жай құрғатады. Немесе шаюдың орнына сұйық эмульсиялы креммен сүртуге болады. Егер бетіңізге кремдер жақпайтын болса, онда үйде өзіңіз дайындаған лосьондармен сүрту де пайдалы. Сезімтал, құрғақ жəне тез қызарғыш теріге тең мөлшерде су мен сүтті араластырып сүртіп, қоректендіргіш крем жағады. 

Құрғақ теріге арналған лосьондар

Таңқурай лосьоны. Таңқурай шығатын маусымды теріңізге оңтайлы пайдаланып қалуға тырысыңыз. 1 ас қасық таңқурайды езіп 1 стақан жұмсартылған салқын сумен араластырамыз, оны сүзіп алған соң жарты шай қасық глицеринді қосыңыз. Мұндай лосьон тазартып қана қоймай теріні қоректендіреді. 

Гүлді лосьон. Раушан, ақ гүл, түймедақтың қосындысынан 2 ас қасық алып 200 мл қайнаған суға саламыз. Бір сағатқа тұндырып қоямыз. Лосьон теріні жаңартып, жұмсарту үшін пайдалы.

Теріні ылғалдандыру

Таңертенгілік жуынып болған соң құрғақ теріге арналған крем жағып, артығын майлықпен құрғатып алып тастаңыз. 

Теріні қорғау

Егер теріде секпіл, пигментті дақтар, қан тамырлар ұлғайған болса қорғаныш кремдерін пайдалану керек. Содан соң барып опа жағылады. 

Терінің қандай да бір типі асқан мұқияттылықты талап етеді. Дұрыс жасалған тері күтімі сіздің сұлулығыңыздың да кепілі бола алады. Жас ерекшелігіне қарамастан теріге пайдалы күтім жолдарын білген абзал, сонда ғана сіз оны  ұзақ жылдар бойы сау, əдемі қалпында сақтай аласыз.

Дереккөз: anabol.kz 

О. Сансызбай