Майлы тері күтімі

Майлы тері күтімі
Фото: Services for Living

Майлы терінің кемшіліктерімен қатар, артықшылықтары да бар. Теріңіз майлы болса, кейбір аңыздардың бетін ашып, шындықты біліп жүргеніңіз дұрыс.

Майлы теріні құрғатып тұру керек. Әлбетте, жоқ. Майлы теріге арналған бетті жуғыш сұйықтықтардың құрамында спирт көп болады. Ол теріні тым құрғатып, жағдайын нашарлатады. Теріге табиғи май жетіспей, құрғап, жараланып қалады. Сондықтан бетті тазалауда құрамында табиғи қоспалар бар, спирті, "химиясы" аз құралдар қолданғаныңыз жөн.

Терім майлы, сондықтан оны ылғалдандыру шарт емес. Жоқ! Басқа кез келген тері сияқты, майлы тері де ылғалдандыруды талап етеді. Себебі бет жуғанда тері майымен қатар, керек ылғалдан да арылады. Тепе-теңдікті сақтау үшін, бет жуғаннан кейін ылғалдандырушы тоник, крем қолданыңыз.

Күннен қорғайтын крем теріні одан бетер майландырады, оны қолданбаған дұрыс. Әрине, жоқ! Егер теріңіз майлы болса, әлбетте, қорғаныс кремін ерекше назар салып таңдауыңыз керек. Алайда одан мүлдем бас тартпаңыз! Майлы теріге арналған крем таңдасаңыз, ол теріні құрғатып, күннен қорғап, қара нүкте тудырмай, майлы жылтырдан да арылта алады.

Г. Берік