Аяқ киім қажаса

Аяқ киім қажаса
Фото: oprah.com

Жақында алған аяқ киім дүкенде шақ болып тұрғандай көрінгенімен, үйге келіп кигенде аяқты қысып, сәл жүргенге мүйізгек (мазоль) шығарып жіберуі әбден мүмкін. Мұндай әр адамда болған шығар. Бұл жағдаймен қалай күрессе болады?

Сауда орталықтарында кей дүкендерде сатып алынған киімді 14 күн ішінде ауыстыруға не қайта тапсыруға мүмкіндік бар. Осы мүмкіндікті жіберіп алмай, аяқ киімді дүкенге қайтарыңыз. Бірақ, аяқ киім далаға киілмеген болуы керек. Этикеткасы болған жағдайда, оны жұлмаған абзал. Қорап пен чекті міндетті түрде алып барыңыз. Жеке куәлігіңізді ала барғаныңыз жөн. Егер қолма-қол төлесеңіз, ақшаңызды дәл сол уақытта қайтарады. Ал егер банк карточкасынан төлесеңіз, бір жеті күтесіз.

Аяқ киімді далаға киіп қойған соң, өзіңізде қалдыруға тура келсе, оны алыс сөреге салудың қажеті жоқ. Туфлиді аяғыңызға қарай кеңейтіп алсаңыз болады. Оның мынадай әдістері бар:

Мұздату. Екі берік полиэтиленді пакетке су құйып, аузын байлаймыз. Пакеттерді туфлидің ішіне, қысатын жеріне саламыз. Таңға дейін аяқ киімді мұздатқышқа саламыз. Бұл әдісті бірнеше рет қайталаса болады. Қатқан су қысып тұрған жерлерді кеңейтеді. Туфли ішіндегі мұз ерімейінше шығармаңыз. 

ОрауОрамалды қатты сулап, жаңа аяқ киім тұрған қорапты орап тастаңыз. Түні бойына қалдырып, таңмен туфлиді киіп алыңыз. Сулы жерде жатқан туфлидің терісі жібіп, оны кеңейту оңай болады. 

Жылыту. Тағы да бір әдіс – жылумен әсер ету. Аяқ киімді фенмен әбден жылытып, ішіне арнайы аяқ киім кеңейтетін сұйықтық шашыңыз. Туфлиді қалың шұлықтың сыртынан киіп алыңыз. Бірнеше рет қайталаңыз.

Г. Берік