Кәмшат Жолдыбаеваның сұлулық құпиялары

Кәмшат Жолдыбаеваның сұлулық құпиялары
Фото: vk.com

Дарынды әнші, «Кешью» тобының экс-мүшесі Кәмшат Жолдыбаева қазақ эстрадасында дене сымбатымен ерекшеленетін бірден-бір ару. Оймақ ауыз, қарақат көз, қыпша бел деген теңеу дәл осы Кәмшатқа дәл келетін шығар. Оның сұлулық құпиясын көптеген көрермен білгісі келеді. Осы қызығушылықты елеп-ескерген Кәмшат Инстаграмдағы парақшасында бет терісі, шаш пен дене бітімін қалай күтетіндігін айтып, кеңестермен бөлісті.

Бет күтімі

Кәмшат Жолдыбаеваның терісі құрғақ болғандықтан, ол көбіне ылғалдандыратын маскалар мен кремдерді қолданатынын айтады. Ұсынатын маскалары да құрғақ теріге арналған.

1. Какао маскасы

«Бұл маска құрғақ теріні ылғалдандырады. Шаршаған теріні сергітеді, дақтары көп теріні ағартады, майлы теріні қалыпқа келтіреді. Бірақ менің маскам құрғақ тері үшін» — дейді әнші. Какао маскасын жасау үшін: 1 шай қасық какао және дәл сол көлемде зәйтүн майын араластырып бетке (негізі мойынды да қалдырмаған жөн) жағамыз да, 20 мин кейін жылы сумен жуып тастаймыз.

Камшат Жолдыбаева какаодан жасалатын масканың терінің өзге типтеріне арналған рецептін интернеттен іздеп көруге кеңес береді.

2. Картоп маскасы

«Картоп — ең қол жетімді көкөніс. Сонымен қатар тері сұлулығына қосатын үлесі бойынша алғашқы орындардың бірінде. Оның құрамындағы су теріні ылғалдандырады. Крахмал жасартып, дақтарды ағартады, B дәрумені майлы теріні қалыпқа келтіріп, безеулерден арылтады. C дәрумені антиоксидант, әжімдерді кетіреді.
Бірақ жас картоп болған жөн және бір емес, бірнеше рет маска қайталанып тұру керек. Сонымен кеттік! Менің сүйікті маскам теріні нәрлендіруге арналған:
Піскен картопты (буға піскені дұрыс) езіп, пюре жасап, 1 ас қасық көлемін аламыз. Оған кішкене сұйық май (зәйтүн майы болса тіпті жақсы), жарты қасық бал және жұмыртқаның сарысын қосып, араластырып бетке, мойынға жағамыз да, 15 минуттан кейін жуып тастаймыз. Одан кейінгі нәтиже таңғаларлық!»

Әнші сонымен қатар, картоптан безеуге қарсы масканы да ұсынады:

«Шикі картопты үккіштен өткізіп, 2 ас қасық көлемін 1 шай қасық лимон шырынымен араластырамыз. Шикі картопты дөңгелетіп кесіп, көзімізге қойып 10-15 минут жатсақ, ісікті, көздің айналасындағы көгергенді, әжімдерді кетіруге пайдасы зор».

Шаш күтімі

Кәмшат Жолдыбаева кәсібі талап ететіндіктен, шаштың түсін, пішінін, көлемін жиі ауыстыратынын айтады. Сондықтан шаш күтіміне мұқият қарайды. Ең алдымен бас жуардың алдында міндетті түрде май жағып қояды (зәйтүн, күнбағыс, кокос). Әнші бүгінде корей фирмасының шаш күтуге арналған құралдарына жүгінген. «Суреттегі «3 ағайын» өз міндеттерін беске атқарады» — дейді әнші. Шаш күтімінде басты міндет — шаш түбірін қатайтып, күш-қуат сыйлап, шаш бойын тегістеп, жалтырату. Оған мына өнімдер көмектеседі:
1. Vitalaizing energy shampoo — шаш ластанғанын тез ашып, қан айналымды жақсартады.
2. Маска. Тазарған шаштың терісінен бастап бүкіл бойына жағып, қолмен уқалаймыз. 4,5 минут жетеді, одан артық тұрса да жақсы.
3. Эмульсия. Бас жуып болғаннан кейін, бас терісіне жағамыз да уқалаймыз, орамалмен орап қоямыз. Содан кейін басталады: шаштың түбірі шымырлап ашиды. Қан жүгіріп, түбір қатаяды. Оны жуу қажет емес.

Әнші бұл өнімдердің аса қымбат емес екенін алға тартады. Таңдауды оқырмандардың еркіне қалдырған. Ең бастысы ерінбей осы процедураларды жасауға шақырады. Сонымен қатар әнші қымбат тұратын шаш күтіміне әуес еместігін, керісінше шаштың сұлулығына қажеттіні табиғи жолмен қамтамасыз еткенді және құнарлы тағамдармен жеткізгенді қалайтынын айтады. Ол үшін шашты жуудан бұрын міндетті түрде әйтеуір бір қолдан жасалған масканы жарты сағатқа жағып қояды екен. Масканың құрамы өте қарапайым. Сол қарапайым масканың бір үлгісін ұсынады:

«3 ас қасық зәйтүн майын кішкене жылытып, 1,5 ас қасық лимон шырынымен араластырамыз. Сосын… Сосын болды. Қарапайым деп ескерттім ғой!)) Есесіне, ол шашты нәрлендіреді, түбірін қатайтады, өсуін тездетеді, шаштың ұштануынан сақтайды. Егер шаш құрғақ болса, бас терісінен бастап, шаштың ұшына дейін жақсақ болады. Егер шаш майлы болса, онда ұшына қарай жағамыз. Зәйтүн майы барлық шашқа да келеді» — деп жазады әнші.

Дене күтімі

Кәмшат Жолдыбаеваның ең жақсы көретін спорт түрі — жүгіру. Ол әрдайым таңертең 25 минутын жүгіруге арнайды. «Жүгірудің ең бір пайдасы: адам ағзасындағы жиналған токсиндерден арылтады» — дейді әнші.

Сонымен қатар, әнші дұрыс тамақтануды насихаттайды. Оның рационынан әрдайым балық табылады. Балықтың пайдасы жайлы ол былай дейді: «Оның пайдасы жөнінде шексіз айта беруге болады. Құрамы жағынан пайдалы май omega3, аминқышқылдар мен дәрумендерге, ақуызға бай және жеңіл. Ол жүрек, қантамыр басқа да аурулардың алдын алады. Әсіресе теңіз балығы аса пайдалы. Сонымен бірге буға, суға бұқтырылып, көкөністермен дайындалған балық. Теңіз өнімдерін тұтынатын елдердің халқы өмір сүру ұзақтығымен ерекшеленеді. Менің берер кеңесім: аптасына кем дегенде 2 рет балық жеп тұруға тырысыңыздар».

Әнші барлық адам сияқты ағзаға аса пайдасыз, бірақ өте дәмді тағамдарды да арасында тұтынатынын айтады. Дегенмен, көбінесе диета ұстанады. Сондықтан ағзаны түрлі дәруменді салаттармен нәрлендіреді. Солардың бірі қырыққабат салаты: «Менің жақсы көретін салаттарымның бірі қырыққабат, ақжелкен, аскөк, жасыл жуа және зәйтүн майынан дайындалады. Өте жеңіл және шыны керек дәмді. Ал ең негізгісі қырыққабат құрамында барлық дәрумендер бар. Әсіресе, асқазаны ауыратын жандарға көмегі зор. Басты сұлулық — денсаулық. Дендеріңіз сау болсын!» — деп тілейді әнші.

Өнерде өте еңбекқор Кәмшат Жолдыбаева, өмірде де, өз-өзін күтуге келгенде де алдына жан салмайтынын байқадық. «Сұлулық — құрбандықты талап етеді» деген тұжырымға сенер болсақ, әншінің жағдайында бұл тек ләззат сыйлайтын сияқты. 

Дереккөз: baistars.kz

Н. Үсенова