Шашыңыз түспес үшін...

Шашыңыз түспес үшін...
Фото: balkar-teatr.ru

Шаштың болмыс-бітімде алар орны ерекше. Оның әдемі көрінуі кімнің болмасын арманы. Дегенмен шашымызға қанша күтім жасасақ та, шаш түсуі жиі орын алып жататыны бар. Негізінен адамның басынан күніне 50-100 тал шаштың түсіп тұруы қалыпты жағдай. Шашыныздың арасына саусақтарыңызды салғанда қолыңызда 2 тал шаштан артық шаш қалмаса бәрі жақсы. Ал егер одан көп шашыңыз түссе, уайымдарлық жағдай. Назарларыңызға шаш түсуінің алдын алу мен оның түсуіне себеп болатын жағдайларды ұсынамыз.

Деніңіздің саулығы шаштың көп түспеуіне тікелей әсер етеді. Соның ішінде бауырдың дұрыс жұмыс істеуіне баса мән берген жөн. Оны шаш пен тырнақтан да білуге болады. Бауыр сау болуы үшін жаңғақ, зығыр майы, майсыз балық және табиғи сүзбе жеп тұру керек. Денсаулыққа зиянды темекі шегу, ішімдік ішу сынды зиянды әдеттерді тастаңыз. Себебі оның да шашқа әсері мол. Күйзеліс  кезінде, аяқ асты салмақ тастау, операция алдында салынатын наркоз, эмоционалды уайымдардан соң 1-2 айдан кейін шаш түсе бастайды. Құрамында магнийі бар бидай, асқабақ пістелері, ақжелкен, картоп сынды тағамдар күйзелістің алдын алып, шашты қайраттандырады.

Күнделікті ішіп-жейтін тағамдарда ақуыз бен темірдің көп болғаны дұрыс. Майсыз құс еті, сиыр еті, үрмебұршақ, сүзбе, көкөністер мен жеміс-жидектерді көбірек тұтынған дұрыс. Өйткені ағзадағы C, B5, B6, PP дәрумендері, темір, мырыш, кальций мен магний аз болса шаш түсе бастайды.

Қыс мезгілінде, аязды күндері бас киімсіз жүретінміз бар. Сонымен қатар жылы бөлмеде (метро, кинотеатр, автобус т.б) бас киім киіп отырамыз. Сондықтан бас киімді де орынды кию керек. Шашты тарау шаш түсуінің алдын алу шараларының бірі. Дұрыс таңдалған тарақ бас терісіне жұмсақ массаж жасау арқылы қан айналымын дұрыстайды. Сондықтан күніне бірнеше минут (әсіресе ұйықтар алдында) шашты әртүрлі бағытта тарап тұрған абзал. Шашқа сусабын мен бальзамдардың дұрыс таңдалуына үлкен мән берген дұрыс. Мамандар шаш күтіміне арналған сусабындар мен бальзамдарда жазылған «нығайтады» деген жазу құр сөз емес екендігін айтады. Шындығында да олардың құрамындағы түрлі қоспалар шаштың түсуін азайтып, тіпті тоқтатуға өз септігін тигізеді. Мысалы женьшеннің қоспасы болса, ол бастың өмірлік клеткаларына әсер ету арқылы шаштың қайратты болуына көмектеседі. Ал қалақай, түймедақ, жалбыз қоспасы болса, шаштың өсуіне әсер етеді.

Дереккөз: anabol.kz

Н. Үсенова