Жанжабіл диетасы

Жанжабіл диетасы
Фото: teaviews.ru

Жанжабіл диетасы тамақ мәзірін өзгерткісі келмейтін адамдарға ұнайтыны сөзсіз. Бұл диета емес, арықтауға көмектесетін тамақтану жүйесі.

Адамның артық салмақ жинауына зат алмасу қызметінің бәсеңдеуі себеп. Ас қорыту жүйесі бәсең болса, арықтау өте қиын. Жанжабіл — зат алмасуды тездететін табиғи әдістің бірі. Оның үстіне жанжабіл жүрек қан тамырлары жүйесін, қан жүру мен ас қорытуды жақсартады.

Жанжабіл диетасын ұстаған қыз-келіншектердің пікірі бойынша, 2-3 аптадан кейін артық салмақтан арылғаныңызды байқайсыз.

Асқазан, өт аурулары бар адамдарға жанжабіл диетасын ұстауға болмайды. Сондай-ақ бала көтеріп, емізіп жүрген аналарға да ұстауға тыйым салынған.

25 гр ұсақ жанжабіл тамырын 1,5 литр қайнаған суға салып, қайнатыңыз. 8-12 сағат тұндырып, таңертең бір стақан жанжабіл шайын ішіп шығыңыз. Күні бойы тамақтану арасында және ұйықтаудың алдында ішу керек.

Жанжабіл шайына бал, жалбыз бен лимон шырынын қосуға болады. Бұл тезірек арықтауға көмектеседі.

Жанжабіл диетасын ұстау кезінде күнделікті калорий мөлшерін 1500-1600-ға дейін шектеген жөн. Нан-тоқаш өнімдері, тәтті-пәттілер, жартылай дайын тағам, консервіленген өнім, кептірілген шұжық не еттен, қуырылған, майлы тағамнан бас тартқан жөн. 5 граммнан артық тұз пайдаланбаған жөн. Мұндай тамақтану тәртібі арықтаумен қатар салмақты бір қалыпта ұстауға көмектеседі.

Тағам мәзіріңізге жеміс-жидек, көкөніс, ет, балық, дәнді ботқалар, нан, жұмыртқа, майлы емес сүтті тағамдар, жаңғақтар, саңырауқұлақ пен бал қосыңыз. Шоколад жегіңіз келсе, құрамында какао 60 пайыздан төмен болмауы керек екенін ескеріңіз.

Қарныңыз тойғанша жеу міндетті емес. Себебі тағам асқазанға бірден жетпейді. Мөлшерден көп жеп қойсаңыз, ас қорыту жүйесі бәсеңдеп қалуы мүмкін. Күніне аз-аздан 5-6 рет тамақтаныңыз.

Ф. Абилова