Денсаулыққа пайдалы жолмен арықтайық

Денсаулыққа пайдалы жолмен арықтайық
Фото: buynet.center

Шөп тұнбасы халық медицинасында жиі қолданылады. Ол арықтауға көмектесіп, өт-асқазанды тазартып, иммунитетті нығайтады. Зат алмасу, ас қорыту жүйелерін де қалыпқа келтіреді.

Шөптердің әрқайсысы әртүрлі қасиетке ие. Бірі тәбетті басса, екіншісі зат алмасу қызметін жақсартып, үшіншісі асқазанды тазартады. Сол себепті, әдетте шөптің бір емес, бірнеше түрі пайдаланылады.

Арықтау үшін мына шөп тұнбаларын ішуге болады:

- 2 ас қасық мыңжапырақ пен шайқурайды араластырып, 500 мл қайнаған суға қосыңыз. Жарты сағат тұндырып, содан соң күні бойы жарты стақаннан ішіп тұрыңыз;

- 4 ас қасық шашыратқы түбірі, 3 ас қасық итшомырт қабығы, бақбақ жапырағы, ақжелкен тұқымы, жүгері тұмсығы, 2 ас қасық мыңжапырақ пен ащы жалбызды ұсақтап тураңыз. Осы шөптердің 1 ас қасығын 500 мл қайнаған суға салып, түні бойы тұндырыңыз. Таңертең қоспаны сүзіп, күніне 3 мезгіл тамақ алдында жарты стақанын ішіп алыңыз.

Денсаулығыңызды түзеп, арықтағыңыз келсе, шөп тұнбасын ішкеннен кейін қайың шырынын ішкен жөн. Ол зат алмасу қызметін жақсартады.

Арықтауға орамжапырақ, сәбіз, қызылша шырындары көмектеседі. Оларды тамақтануға жарты сағат қалғанда ішу керек. Бірақ ұйқы безі, бауыр мен ішегіңіз ауыратын болса, бұл шырындарды ішпеген жөн.

Семіздік пен диабетті емдеу үшін асқабақ шырынын ішуге болады. Ол өтті тазартып, ішек-асқазан жолдарын емдеп, ас қорыту жүйесін қалыпқа келтіреді. Асқабақ шырынын алма мен сәбіз сусынымен араластырып, ішуіңізге болады.

Арыктауга сұлы киселі де жақсы көмектеседі. Оны дайындау үшін үш литрлік банкаға 300 гр ұсақталған сұлы жармасын, жарты стақан айран, 1 ас қасық қаймақ салып, бір жарым литр су құйып, араластырыңыз. Банканы дәкемен жауып, жылы жерге қойыңыз. 2-3 күннен соң сүзіп алып, қайнатыңыз. Тамақтануға 20 минут қалғанда жарты стақанын ішіп алыңыз. 

Ал сіз қалай арықтадыңыз?

Ф. Абилова