Жаздыгүні шілде болғанда...

Жаздыгүні шілде болғанда...
Фото: Руслан Weddingtv

Көбіміз 9 ай бойы жаз мезігілінің қызығын асыға күткен едік. Алайда шыжыған шілде келгендіктен, теріміздің ультракүлгін сәулелері кеуіп кетуі ғажап емес. Жаз әрбір адам үшін ең қызықты маусым болғанымен, ыстығы шаршатып жібереді. Мұндай күнде бет ажарын сақтау үшін не істеу керек?

Күнімен кондиционері бар бөлмеде отырсаңыз да, бет терісі құрғап кетуі мүмкін. Сондықтан үнемі термалды не минералды суы бар спрей сеуіп жүріңіз. Мұзбен бетіңізді сүртіп тұрсаңыз, теріңіз тазарып, сергіп қалады. Ал оны қорғап, нәрлендіру үшін ұйықтар алдында арнайы маска жасап жатыңыз. Ол үшін 2 ас қасық сүзбені 1 шай қасық зәйтүн майы мен балмен араластырыңыз. Масканы бетке жағып, 20 минуттан кейін жылы сумен жуып тастаңыз. Содан соң бетке нәрлендіруші иісмай жағыңыз. Таңертең бетті жарты стақан сүт пен жарты стақан жеміс шырыны араласқан қоспамен шаюға болады.

Дене және бет терісін қорғау үшін күндізгі 11.00 мен 15.00 аралығында күн астында жүрмеуге тырысыңыз. Әсіресе егер антибиотик қабылдайтын болсаңыз, күн теріңізді құрғатып, күйдіріп жіберуі әбден мүмкін. Душқа түскеннен кейін ылғалдандырушы иісмай жағып отырыңыз.

Шашты да күн сәулесінен қорғау керектігін ұмытпаңыз. Ол үшін үй жағдайында арнайы сусабын дайындап көріңіз. Оны жасау үшін 1 шай қасық бал, лимон шырыны мен бірнеше жұмыртқа саруызын араластырыңыз. Қоспаны екіге бөліп, біріншісіне 100 гр сыра, екіншісіне 100 гр су қосыңыз. Алдымен шашты бірінші қоспамен жуып, уқалаңыз. Сумен шайып тастап, екінші қоспамен жуыңыз. Шашты жылы сумен шайып, бальзам жағыңыз. Бірнеше минуттан кейін жууға болады. Бұл әдісті екі аптада бір рет жасап тұруға болады.

Жазда ерініміз құрғап, терісі бұзылады. Себебі онда май бездері жоқ, демек ерін қорғаусыз қалады. Жаз маусымында үнемі гигиеналық не ылғалдандырушы далап қолдануға тырысыңыз. Ұйықтар алдында ерінге зәйтүн майын жағып жатуға болады.

Сонымен қатар көз бен көздің айналасын да күн сәулесінен қорғауды ұмытпаңыз. Далаға көзілдірік кимей шықпаңыз. Жақсы линзасы бар сапалы көзілдірік сатып алыңыз. 

Ф. Абилова