- Негізгі бет
- Сымбат
- Жазғы макияждың сырлары...
Жазғы макияждың сырлары
Жаздың ең ыстық күндері басталғандықтан, қыздардың басты проблемаларының бірі — макияж туралы сөз етпекпіз. Күндіз бір маңызды шараға (фотосессия, кездесу, сұхбаттасу, серуен, т.б.) бару керек болды делік, ал макияж күннің ыстығына шыдамай ағып кетеді. Мұндай жағдайдың алдын алуға бола ма?
1. Жаз маусымында бет терісіне арнайы күтім жасау керек. Ол үшін міндетті түрде күннен қорғайтын иісмайлар жағып жүріңіз. Егер теріңіз құрғап не күйіп кетсе, ешқандай косметика оны жасыра алмайды.
2. Бетіңіз безеумен бөртіп кететін болса, тоналды кремді қалың етіп жақпаған жөн. Оның орнына сапасы жақсы ылғалдандырғыш тоналды крем сатып алыңыз. Сонымен қатар үгінді не нәрлендіргіш тоналды крем алмағаныңыз абзал. Себебі олар беттегі ұсақ тесіктерді толтырып, безеудің санын арттырып жібереді.
3. Қола реңкті тоналды крем таңдаңыз. Ол жаз маусымына сәйкес қызарған, бұзылған теріні бүркемелейді.
4. Егер көзге арналған бояудан бас тарта алмасаңыз, құм (ақшылдан ашық қоңырға дейін) реңкті бояу таңдағаныңыз абзал.
5. Сүрме алатын кезде суға төзімдісін таңдаңыз. Оны екі қабат етіп жағуыңызға да болады.
6. Қарындаш пайдаланатын болсаңыз, өте жіңішке етіп сызған жөн. Оның түсі қоңыр не қара сұр болуы керек. Қара түсті қарындаштан уақытша бас тартқан жөн.
7. Егер румяна жақсы көретін болсаңыз, жаз маусымында ашық макияждың орынсыз екенін есіңізге түсіргеніңіз жөн. Ал егер мүлде бас тарта алмасаңыз шабдалы немесе алқызыл реңкті румяна жағуыңызға болады.
8. Далапты кешкі макияж ретінде ғана қолданыңыз. Күндіз ол өңді бұзып көрсетеді, әрі ерінді құрғатып жібереді.
9. Ылғалдандырғыш иісмайды пайдалануды ұмытпаңыз. Себебі жаз маусымында тері тез құрғап кетеді. Сол себепті ұйықтар алдында бетті макияждан тазартып, ылғалдандырғыш иісмайды жағып жатыңыз.
10. Қанша жерден шаршап, шалдығып келсеңіз де, косметиканы сүртуге ерінбеңіз. Себебі жазда тері онсыз да «демала алмайды», ұсақ тесіктер жиі толып қалады, терлейді. Осымен қатар түні бойы макияжға «тұншығып» жатса, ертесіне бетіңізге безеу, қара нүктелер шығуы ғажап емес.
Ф. Абилова