Күнге күю ережелері

Күнге күю ережелері
Фото: wallpaperscraft.ru

Маусым айының ең ыстық кезеңі басталды. Демек, бассейн, жағажайға барып, күнге күюге болады. Апта сайын күнге күйіп, демалуға мүмкіндік бола бермейді. Сол себепті күнге күюді (загар) ұзағырақ сақтап қалудың әдістерімен танысыңыз.

Дайындық

Күнге бір тегіс күю үшін алдын ала денені пилингпен тазартып алу керек. Мұны тек салонда емес, үй жағдайында да жасауға болады. Дәрумен, минералы мол, иісі жағымды скраб сатып алып, жуыну кезінде пилинг жасаңыз.

Ылғалдандыру

Дене терісі жылтыр, әдемі болуы үшін жақсылап ылғалдандыру керек. Пилингтен кейін және душ қабылдаған соң үнемі ылғалдандырғыш лосьон, иісмай мен май жағып тұрыңыз. Олардың құрамында авокадо, зәйтүн майы, Е дәрумені мен глицерин болуы керек.

Тамақтану

Егер күнге күйгеніңіз ұзаққа сақталсын десеңіз, А дәрумені бар тағамдарды, яғни дәндер, кілегей, сүт, жұмыртқа, қызанақ, саумалдық, жасыл және сары көкөністер, балық майын жиірек жеп тұрыңыз. Сондай-ақ С дәрумені де көмектеседі. Ол үшін итмұрын, құлпынай, қара өрік, лимон, апельсин, грейпфрут жеу керек. Сонымен қатар күніне бір стақан сәбіз шырынын ішіп тұруға дағдыланыңыз.

Күнге күю

Күнге жақсылап күю үшін күн астында емес, көлеңкеде жату керек. Сонда теріңіз қозып, күйіп кетпейді. Ал егер теріңіз күйіп кетсе, ол бір-екі күнде қатайып, түсіп қалады.

Нығайту

Күнге күйген соң міндетті түрде арнайы иісмай (after tan) жағыңыз. Оның құрамында терінің жаңа түсін қалыпта ұстауға көмектесетін меланин молынан бар.

Бас тарту

Егер жаңа түс ұзаққа сақталсын десеңіз, монша, саунадан бас тартуыңызға тура келеді. Дене буланатын болса, құрғап, тазарады. Демек, қайтадан ағарасыз. Сондай-ақ ыстық суда тек 5-7 минуттан артық жуынуға болмайды. Жөкеден де бас тартыңыз. Ол терінің бірнеше қабатын алып түседі. Душқа арналған сабын, гель тек табиғи компоненттен жасалуы тиіс. Сүт, қиярдан жасалған гельдер теріні ағартып жібереді.

Ф. Абилова