Шашыңызды қалыңдатқыңыз келсе...

Шашыңызды қалыңдатқыңыз келсе...
Фото: Олег Пукас

Әрбір қыз сырт келбетінің сұлу болғанын қалайды. Сұлулыққа ұмтыламын деп нәзік жандылар күн сайын түрлі косметика жағып, сәнді шаш үлгісін жасайды. Алайда мұның барлығы кері әсерін тигізетін кездер де болады. Осыған орай, шашты, қас пен кірпікті қалыңдату үшін үпілмәлік майын пайдалануға кеңес береміз. Бұл әмбебап құрал көп адамға көмектескен. Оны кетірген кезде қиналатынымыз рас. Алайда қуантарлық нәтижесі бар.

Кірпікке қолдану тәсілі:

1. Бетіңіздегі макияжды кетіріп, жылы сумен жуыныңыз.

2. Мақта таяқшаларының көмегімен үпілмәлік майын кірпігіңізге жағыңыз.

3. Таяқшаны майға батырған соң, ыдысының шетіне қысып, артық майдан арылыңыз. Осылайша үпілмәлік майының көзге кіріп кетуінен сақтанасыз.

4. Рәсімді ұйықтар алдында 3-4 сағат бұрын жасаңыз. Ұйқыға кетпес бұрын көзіңізді қағаз сулықпен сүртіп, жуыңыз.

Қасқа қолдану тәсілі:

Өкінішке орай, барлық қас сұлу емес. Соңғы кездері қалың қас сәнге айналғандықтан, көп қыз оны арнайы косметиканың көмегімен қалыңдатады. Табиғи сұлулықтың жақтаушысы болсаңыз, оны үпілмәлік майының көмегімен өсіріңіз.

1. Қасты макияждан тазартыңыз.

2. Үпілмәлік майын қасыңызға ұйықтар алдында 3 сағат бұрын жағыңыз.

3. Қасқа сіңбегінін қағаз сулықпен сүртіңіз.

4. Қастағы майды жумасаңыз да болады.

Шашқа қолдану тәсілі:

1. Үпілмәлік майы шаштың ұйықтап жатқан түйіндерін оятады. Оны шашқа жағыңыз. Арада екі сағат өткен соң толықтай кетіріңіз. Артынша әдеттегідей сусабынмен жуыңыз.

2. Шашыңыздың саулығын қайта қалпына келтіру үшін екі ас қасық сүтке бір шәй қасық үпілмәлік майын, артынша глицериннің бір ампуласын қосыңыз. Қоспаның бөртуіне мүмкіндік беріп, баяу жанып тұрған отқа қойыңыз. Шашыңызға жағып, 20-30 минут күтіңіз.

3. Үпілмәлік майы қайызғақтан құтылуға көмектеседі. Ол үшін қырмызы тұнбасы мен үпілмәлік майын тең мөлшерде араластырыңыз. Оны бас терісіне жағып, жарты сағатқа қалдырыңыз. Артынша жылы суға лимон шырынын қосып жуыңыз.

Қалаған нәтижеңізге жету үшін үпілмәлік майын бірнеше ай бойы қолданғаныңыз жөн.

Қ. Бүйенбай