Аруларды далабына қарап тануға болады

Аруларды далабына қарап тануға болады
Фото: Михаил Хван

Жұрттың бәріне өзіңді толғандырған мәселелер жайлы айта бермейтініңіз белгілі. Алайда сіздің жүріс-тұрысыңыз, киіміңіз, көңіл-күйіңіз, тіпті далабыңызға шейін құпияңызды ашып қоятынын білесіз бе?

Қалай дейсіз ғой? Мысалы, далабыңызға қараңыз, ұшы кетілген бе әлде үшкір ме, болмаса тегіс пе? Мұның бәрі біздің ішкі сырымыздан хабар береді екен.

1. Далаптың ұшы тегіс. Мұндай жандар төзімді, қиындыққа мойымайтын, тез шешім қабылдайтын жандар. Негізінен, холериктер. Алға қойған мақсатына жете біледі. Қызуқанды болғандықтан, бетің бар, жүзің бар демей, тура айтқанды ұнатады. Дегенмен ойланыңыз, үнемі тура сөйлеп, құрбыларыңыздан айырылып, әріптестеріңізбен жаға жыртысып қалмаңыз. Сабырлы сөйлеуге әдеттенгеніңіз абзал.

2. Далаптың ұшы үшкір. Мұндай арулар үй шаруасын оңай дөңгелетіп әкететін пысық болып келеді. Үйдің ішін әсемдеп, жиһаздарды үйлестіріп, ретке келтіргенді жаны сүйеді. Алайда үй шаруасына ешкімнің көмектеспейтініне налиды, бұл үй ішіндегілердің оның пысықтығын бағаламайтындығынан болар. Сондықтан кейде жақын-жуықтарыңызбен де ақылдасып, олардың да талғамымен санасып отырған артық етпейді.

3. Далаптың ұшын қиғаштап жағатын арулар - қиялшылдар. Жоспарларын іс жүзінде жүзеге асыра алмаса да, көңілдің көк дөненін ерттеп мініп алып, талай жерге сапар шегіп қайтады. Алайда көңілдің көк дөненінен гөрі кәдімгі көлікке отырып, жоспарларыңызды жүзеге асыратын кез жеткен сияқты.

4. Далаптың ұшы біртегіс ұқыпты желінген. Бұл далапты қолданатын аруларды таңдаған жігіттер ешқашан опық жемейді. Себебі олар сабырлы, ақылды, кеңпейіл жандар, болмашы нәрсеге күйіп-піспейді. Бар шаруасын ойланып, алдын ала жоспарлап барып, іске асырады.

5. Далапты сіріңкемен жағатындар. Бұлар өте үнемшіл бикештер. Отбасылық бюджетті опа-далап алуға жұмсағанына іштей өзін кінәлі сезінетіндер. Олай ойламаңыз, сіздің өзіңізге қаржы жұмсауға бір адамдай хақыңыз бар. Сондықтан бұл әдеттен қоштасыңыз.

Осы мақаланы оқып отырып, «Жоқ, мұнда айтылғанның бәрі бекер, себебі менің далабым әр кезде әртүрлі болады» деп, іштей қарсылық білдірген боларсыз. Ол да мүмкін, адам ішкі жағдайына байланысты сан алуан көңіл-күйде болады.

Ұқсас жазбалар:

Макияж жасауда жіберілетін қателіктер

Сүрмені қалай таңдаймыз?

Ф. Абилова