- Негізгі бет
- Сымбат
- Қандай тағамдар әжім...
Қандай тағамдар әжім түсіреді?
Ас - адамның арқауы. Алайда кейбір тағамдар бетке ерте әжім түсіруге себепкер болады. Сондықтан кейбір тағамдарды аз мөлшерде қабылдағаныңыз жөн.
1. Тәтті тағамдар. Бала-шағадан бастап, кейбір ересектер тәтті тағам десе, дүниенің бәрін ұмытады. Алайда қантты шектен тыс қолдану терінің табиғи жылтырлығын төмендетеді. Сондықтан шәйға қант салғаннан гөрі өрік-мейізге біртіндеп көшкеніңіз абзал. Басында өте қиын болуы мүмкін. Алайда жастық көркіңізді ұзақ сақтауды ойласаңыз, қанттан бас тартуға тура келеді. Оның орнына жеміс-жидектерге көшкен әлдеқайда пайдалы.
Кейбір жандар тәттіні ерекше көп жейді. Мұндай жандарға психологтар қант жегеннен гөрі өз өмірлерінде қызықты оқиғаны көбейтуге кеңес береді.
2. Тұзды тағамдар. Жалпы тұзды және тәтті тағамдарды көп пайдалану бетке әжім түсіріп қана қоймай, ауруға шалдықтыратынын мамандар да айтып жүр. Тұзды тамақ теріні құрғатып жібереді. Сондықтан көбірек су ішіп, теріңізді құрғаудан сақтаңыз. Тұздың мөлшерін де біртіндеп азайтуға болады.
3. Ащы тағамдар. Астың дәмін келтіру үшін қолданылатын түрлі дәмдеуіш қосылған ащы тағамдар қан тамырларын тарылтып, бетке безеу шығаруға себепкер болады. Бұл әсіресе жасөспірімдерге зиян. Ащы тағам жеуді азайтпасаңыз, бетке қандай маска мен иісмай жақсаңыз да, әсер етпеуі әбден мүмкін.
4. Қуырылған тағамдар. Біздің сүйікті тамақтарымыздың көбі, өкінішке орай, қуырылған тамақтар. Дәрігерлер буындары ауыратындарға да қуырылған тамақты жемеуге нұсқау беріп жатады. Маңызды шараларға, тойға баратын болсаңыз, бір күн бұрын қуырмаштардан бас тарта тұрғаныңыз жөн.
5. Кофе. Біздің өмірімізге мықтап кіріп алған сусынның бұл түрін көп ішу де адамның түрін шаршаңқы етіп көрсетеді әрі бүйрекке де зиян. Сол себепті ой еңбегімен айналысатындардың шаршаған, ұйқысы келген уақыттарында кофе немесе сергіткіш газды сусындарды іше бергенше, көзге, омыртқаға жаттығулар жасағаны пайдалырақ.
6. Алкогольді сусын. Арақ-шарапты үнемі ішетін адамның бет терісі тұрмақ, бүкіл ағзасы тозып, жасына жетпей қартайып кетеді. Әлдебір шараларда кейде арақ-шарап ішуге тура келген жағдайда көздеріңіздің асты көлкілдеп ісіп кететінін де байқаған боларсыз.
Зиянды сусыннан үзілді-кесілді бас тартқандар әлдеқайда жас көрінеді десек, қателеспейміз.
Сурет: xenomorph.ru
Ф. Абилова