- Негізгі бет
- Сымбат
- Сұлулық жемісі ...
Сұлулық жемісі
Егер ағзаңызды қажетті дәрумендермен толықтырып, сұлулығыңызды сақтағыңыз келсе помелоны жеңіз.
Помелода С, В1, В2, В6, РР, А, Е дәрумендері бар. Сондай-ақ оның құрамында калий, фтор, натрий, кальций, магний макроэлементтері мен темір, маргенец, мырыш, мыс және эфир майлары бар. Сондықтан ол иммунитетті көтереді, жүректің жұмысын жақсартады, қан қысымын, ұйқыны қалпына келтіреді, ісіктің өсуін тежейді, атеросклероздың алдын алады.
Құрамында майды ыдырататын липолиттік фермент болғандықтан, арықтағысы келген аруларға да таптырмайтын дәру. Сол себепті денсаулық өз алдына, сымбатты болуды қалайтындар жаздың қамын көктемде ойлап, помелоны көбірек жегені дұрыс.
Помелоны Филиппин, Тайланд, Қытай елдерінде «қуаныш жемісі» деп атайды. Себебі оны жеген адам күйзелістен шығады, әлсіздіктен арылады, ас қорыту жүйесінің жұмысы жақсарады, баспа, астма сияқты әртүрлі аурулардан тезірек жазылады.
Сондықтан бұл елдерде осы жемістен сан алуан салаттар мен тағам түрлерін, тіпті суп пен соус та дайындайды.
Ал косметологтар помелодан жасалған масканы пайдалануға кеңес береді.
Майлы теріге арналған маска. Бір ас қасық ұсақталған помелоны осындай мөлшердегі айранмен әбден араластырып, сұйығын бір ыдысқа құйып қоясыз да, қоюын бетіңізге, мойыныңызға жағасыз. 15 минуттан кейін салқын сумен бетіңізді шайып тастап, сұйығын мақта дискімен бетіңізге жағасыз.
Қалыпты теріге арналған маска. Бір ас қасық ұсақталған жеміске кофе қасығымен бір қасық бал, бір қасық лимон шырынын араластырасыз да, масканы жағасыз. 15 минуттан соң алдын ала суытылған көк шаймен бетіңізді жуып, ылғалдандыратын иісмай жағасыз.
Құрғақ теріге арналған маска. Бір ас қасық ұсақталған жеміске, жарты қасық бал, жұмыртқаның сарысын араластырып бетіңізге жағасыз. 15 минуттан соң жылы сумен бетіңізді шайып, бетіңізге нәрлендіргіш иісмайды жағасыз.
Помело шыдамдылыққа «тәрбиелейтін» жеміс. Себебі қабат-қабат болып жатқан бұл жемісті тазалауға үлкен шыдамдылық керек.
Алайда цитрусқа аллергиясы барларға, гастритпен ауыратындарға, бүйрегінде тасы барларға помелоны жеуге болмайтыны да есіңізде болсын.
Сурет: xcook.info
Оқи отырыңыз:
Жалбыздың сұлу болуға көмегі бар ма?
Сырт келбетімізге күтім жасауға көмектесетін құралдар
Сымбатты болуға көмектесетін арзан құрал
Ф. Абилова