- Негізгі бет
- Сымбат
- Арықтаудың қысқы ережелері...
Арықтаудың қысқы ережелері
Көп адам әдетте қыста салмақ жинайды. Оған түннің ұзаруы, ұйқының, климаттың әсері мол. Алайда қыс мезгілін пайдаланып арықтауға болмайды деп кім айтты?
1. Коньки тебу. Қалаңыздың, мекеніңіздің коньки тебетін алаңына аптасына бір мезгіл шығып тұрыңыз. 70 кг салмағы бар адам бір сағат ішінде коньки тебудің арқасында 250 калорий жоғалтады екен.
Көптеген адам коньки тебуді белсенді спорт ретінде қарастырмайды. Бұл қате пікір. Себебі коньки тебу барысында сіздің бүкіл денеңіз сергіп, жаттығады. Оның көмегімен аяқ-қолдарды, ішімізді тартып, қатайтуға болады.
Ашық алаңда коньки тепсеңіз, денсаулығыңызға да игі әсері болады.
2. Шаңғы тебу. Алғашқы уақытта 40-50 минуттан асыра теппегініңіз абзал. Себебі сіздің денеңіз жаңа жаттығу түріне үйренуі керек. Шаңғы тебудің көмегімен сіз сағатына 300-500 калорийдан құтыласыз. Шаңғымен таудан түсу барысында барлық дерлік денеңіз жаттығып, қатаяды.
3. Сноуборд. Аты таныс, заты аулақ дегендей, сноуборд әлі біздің қоғамда сүйікті спорт түріне айналып үлгерген жоқ. Алайда оның көмегімен сіз 700 калорийге дейін жоғалтасыз. Жоғарыға жаяу көтеріліп, сноубордпен түсу бір сағатта 800 калорийден арылтады. Сонымен қатар пресс, арқа және аяқтың бұлшық еттерін жаттықтырып, қатайтады.
4. Шана. Бала кезіміздегі қысқы ермегіміз не еді? Иә, шананың дәл өзі. Таңертеңнен кешке дейін таушықтан шықпай, ойнайтын едік қой. Шана болмаса, картон не пакетті пайдаланатынбыз. Енді, сол шана тебудің арықтауға көмегі қаншалықты зор екенін білесіз бе?
Шанамен түсіп, жаяу көтеріліп, жүгірумен өткен бір сағатыңыз 400 калорийден арылуға көмектеседі. Оның үстіне шана тебу жүрек тамыр жүйесін қалыпта ұстауға септігін тигізеді.
5. Қар атысу. Бұл да бала кезімізден бері есімізден шықпайтын ермек. Ал оның арықтауға пайдасы бар екенін көп адам біле бермейді. Денеңіздің барлық мүшесін жаттықтырып, сергітіп, көңіл-күйді де көтеріп қана қоймай, реакция мен координацияны дамытады. Қар атысып ойнаудың бір сағаты 400 калорийді жояды.
Демалысыңыз қызықты әрі сәтті өтсін!
Сурет: htrskiingturkey.com
Ф. Абилова