- Негізгі бет
- Сымбат
- Балдан шашқа арналған...
Балдан шашқа арналған маска жасап үйренейік
Бал – сымбаттылық үшін таптырмас нәрсе екенін білесіз бе? Оның құрамында пайдалы дәрумендер мен микроэлементтер көп. Шашты мықты ету үшін пайдасы зор. Негізінде, сарапшылардың пайымдауынша, балдан жасалған маска шашымызды мықтырақ, жылтыр және жібектей етеді екен. Назарларыңызға бірнеше рецепт ұсынамыз!
Біріншісі – бал мен түймедақ маскасы. 50 грамм түймедаққа қайнаған су құйып, 15–20 минут бойына қайнатып алыңыз. Оны сүзіп алып, бал қосыңыз. Суытып алып, таза шашқа жағыңыз. Жарты сағат өткен соң шашыңызды жақсылап жуыңыз.
Екіншісі – бал мен жұмыртқа маскасы. Бұл қоспа бір жұмыртқа, бір шай қасық бал мен екі шай қасық зәйтүн майынан тұрады. Жақсылап араластырып, басыңыздың терісіне жағыңыз. Душқа арналған телпекті немесе пакетпен шашыңызды қымтап жауып, түкті сүлгімен шашыңызды жоғары қарай орап қойыңыз. Бұл масканы 20–30 минут ұстап, сусабынсыз, жылы сумен жуып тастау қажет.
Үшіншісі – бал мен лимон маскасы. Лимон шырынын сұйық балды бірдей етіп араластырып алыңыз. Шашыңызға біртегіс етіп жағып, 10 минуттан соң сусабынмен жуып тастаңыз.
Төртіншісі – бал мен коньяк маскасы. Жұмыртқаның саруызын бір ас қасық балмен және бір қасық коньякпен араластырыңыз. Еркіңізше бір қасық ошаған майын қосуға болады. Масканы 30–60 минуттан соң сусабынмен жылы суда жуу керек.
Бесіншісі – бал мен пияз маскасы. Бұл масканы, негізінде, шаш түсуіне байланысты қолданады. Пиязды майдалап турап, бір ас қасық балмен араластырып шашыңыздың тамырына жағыңыз. Басыңызды пакет пен сүлгімен орап қойыңыз. Бір сағаттан соң масканы жылы суда сусабынмен жуып тастаңыз.
Осы кеңестерді пайдаланып, аптасына бір рет шашыңызға күтім жасағаныңыз дұрыс. Сұлу болып жүре беріңіздер, арулар!
Сурет: seasonpremiere.info
Ф. Абилова