Тері күтімі: құлпынай маскасы

Тері күтімі: құлпынай маскасы

Көктемнің соңы және жаздың басы – құлпынай маусымы. Дүкендерден, базардан, көше лашықтарынан көздің жауын аларлықтай болып тұрған жидектерді күн сайын көріп жүрсіз. Аз уақыттан кейін олар да таусылып, көзден кетеді, сондықтан құлпынайды пайдаңызға жаратуға асығыңыз.

Құлпынай – ағза үшін пайдалы ғана емес, косметология саласында да үлкен жетістіктерге жетіп жүрген жидек. Кальций, темір, фосфор, мырыш, йод, сонымен қатар В1; В2; В6; РР; А; Е; С дәрумендеріне бай құлпынай жидектерінің бойында қабынуға қарсы тұратын, жұмсартатын, сергітетін және қалпына келтіретін қасиеттер бар.

Құлпынайдан жасалған маскалар құрғақ, қартайған, майлы және қиын терілерге де келе бермеді. Сондай-ақ оны бетінде пигменттік дақтары және бөртпелері бар адамдар да қолдана алады.

Құрғақ әрі қартайған, солған тері үшін құлпынай мен бал маскасы пайдалы болмақ. Екі ас қасық езілген құлпынайды бір шәй қасық балды араластырып, өзіңіз қолданып жүрген кремге қосыңыз да, бетіңізге 15-20 минутқа жағып қойыңыз, артынан жылы сумен жуып тастайсыз.

Қабынған әрі қиындығы бар теріге құлпынай мен сүзбе маскасы дұрыс. 2 ас қасық езілген құлпынайды бір ас қасық сүзбемен араластырыңыз. Жұқа етіп жағып, 15 минуттан кейін жуыңыз.

Беттегі майлы жылтырды жұмыртқа ағы мен құлпынайдан жасалған маска кетіре алады. Масканы дайындау үшін бірнеше жидекті езіп, жұмыртқа ағын қосыңыз да, жақсылап араластырып бетіңізге жағасыз. Бұл маска үшін де 15-20 минут жеткілікті.

Солғын тартқан теріге құлпынай, сүт, бал араластырылған масканы пайдаланыңыз.

Пигментті дақтарды кетіру үшін бетіңізді күн сайын құлпынай шырынымен сүртіп тұрыңыз. Бет терісін сергіткіңіз келсе, мұздатылған құлпынай шырыны көмектесе алады.


Барлық терілерге арналған тазартқыш құлпынай маскасы құлпынай шырыны мен балшықтан жасалады. 2 қасық ақ балшыққа 2 ас қасық құлпынай шырынын араластырып, 10 минут бойы бетке қалдырып қойыңыз. Қысқасы, бетіңіз тартыла бастағанда-ақ жылы сумен шайып тастаңыз.

Қабынуға қарсы құлпынай мен алоэ шырыны жасалған масканы қолданып көріңіз. 2 ас қасық мыжылған құлпынай мен дәл сондай көлемде алоэ шырынын араластырып 10-15 минутқа жағып қоясыз.

Қабыршықтанған теріге құлпынай, жұмыртқа ағын және зәйтүн майынан жасалған масканы қолдан суландыра аласыз. Жұмыртқаның ағы мен 2 ас қасық құлпынайды және 1 шәй қасық зәйтүн майын араластырып, масканы 10-15 минут бойы бетке жағып қоясыз.

Дайындаған:Бұлбұл Дәрібаева

Сурет: creepon.ru,kpodruge.ru