Кірпік ұзартудың тәсілдері

Кірпік ұзартудың тәсілдері

Кірпікті біршама ұзарту үшін лайықты тушь таңдап, оны дұрыс пайдалана алу да жеткілікті. Алайда бұл уақытша амал екені рас. Бүгінде кірпіктерді қатайтып, арнайы тәсілдермен ұзарту белең алуда. Мұндай жағдайда көзқарасыңыз косметикасыз да айқындала түспек.

Кірпікке арналған маскалар

Кірпікті қатайту мен ұзартуға арналған халықтық тәсілдер көбіне арнайы майлардан тұрады. Егер маска дайындап жүруге уақытыңыз болмаса немесе қымбат құралдарды сатып алғыңыз келмесе, мұқият жуылған тушьтың жаққышымен екі күнде бір рет таза кірпіктеріңізге ошаған майын жағыңыз. Ошаған майы кірпіктеріңізді қалыңдатып, ұзартып, мамықтай етеді.

Майды ұзақ уақытқа қалдырмаңыз. 1-1,5 сағат ұстасаңыз жеткілікті. Қыздар маскамен ұйықтап қалып, қателік жіберіп жатады. Мұндай жағдайда таңертең кірпіктеріңіз жабысып, көздеріңіз қызарып, ісіп кетеді.

Бұдан да оңай тәсіл – үпілмәлік майынан (касторовое масло) жасалатын маска. Бұл кірпіктерді қатайтып, олардың түсуінің алдын алады және ұзаруына ықпал етеді. Алайда оны жаққаннан кейін 30-40 минуттан соң жуып тастау керектігін ұмытпаңыз. Зәйтүн мен бүрген майының қоспасы кірпіктердің жылтыр әрі мамық болуына көмектеседі. Маскаға тағы Е дәруменін қосып жіберіп, күнде кешке пайдалануға болады. Е дәрумені дәріханаларда қызыл капсула күйінде сатылады.

Маскалар ағзаға әрқалай әсер етуі мүмкін, сондықтан тұрақты түрде қолданатын масканы таңдамас бұрын бірнеше нұсқасын қарастырып көріңіз. Сонымен қатар мұндай құралдар аллергия тудыруы мүмкін екенін ұмытпаңыз, сол себепті дайын масканы шынтақтың бүгілген жеріне жағып қойып, бірнеше сағат бақылауда ұстаңыз.

Кірпікті күтуге арналған қосымша құралдар

Үй жағдайында жасалатын маскалар – кірпіктерді ұзартуға арналған жалғыз амал емес. Компресстер де кірпік денсаулығына жақсы көмектеседі. Еш қоспасыз қарапайым көк шайдың да пайдасы мол: мақтаны соған сулап алып, 15-20 минутқа қабақтың үстіне қойып қою керек. Бұл кірпікті ұзартып қана қоймай, көздің шаршағандығын да басады.

Тыныштандыратын қайнатпаның көмегімен де кірпіктерді ұзартуға болады. Бір үлкен қасық кептірілген түймедақ пен көктікенге 200 мл қайнаған су құйып, 2-3 минут қайнатыңыз. Қайнатпаны бір тәуліктен кейін сүзіп алыңыз. Бұл қайнатпаның негізінде жасалған компресс көздің тітіркенуін басып, көз астының қараюын кетіреді, қабақтың жұқа терісіне күтім жасайды, сонымен қатар кірпіктерді қатайтып, ұзаруына ықпал етеді.

Маскалар тез әсір етіп, нәтижелі болсын десеңіз, қосымша массаж жасаңыз. Бір үлкен қасық зәйтүн майы, 0,5 шай қасық ақжелкен шырыны мен 0,5 шай қасық бальзамнан маска жасаңыз. Көзіңізді жұмып, кірпіктердің өсу сызығы бойымен бальзамды ақырындап жағыңыз.

Сурет: vashstilist.com, alimero.ru

Дайындаған: Анар Мұстафина

A. Mustafina