Арқадағы безеулерді қалай кетіремін?

Арқадағы безеулерді қалай кетіремін?

Арқа терісінде пайда болатын жалғыз кемшілік – безеу. Бойжеткен қыздар да, жігіттер де арқадағы безеулерге тап болуы мүмкін. Мұндай жағдайда не істеу керек?

Бет, қол, дене, тіпті аяқ терісіне арналған кремдер мен басқа да косметикалық заттар жеткілікті. Бірақ сіз арқа терісінің күтіміне арналған арнайы косметикалық заттарды кездестірдіңіз бе? Ал дене терісіне арналған кремдер жиі жағдайда арқадағы безеулерге дауа бола алмайды.

Сонымен, егер арқаңызда безеулер пайда болғанын байқасаңыз, бұл дерттен тез арада арылудың жолдарын іздеңіз. Себебі емделмеген безеулер уақыт өте асқынып, сіз үшін тұрақты жағдайға айнала алады.

Арқадағы безеулерді емдеу үшін ас тұзы қосылған ванна қабылдауды әдетке айналдырыңыз. Кез келген дүкенде, дәріханада сатылатын арнайы теңіз тұзын да қолдана аласыз. Тұз теріні тыныштандырып, тазалайды. Ваннаның суы өте ыстық болмасын және суда 20 минуттан артық жатпаңыз. Жақсы әсер беру үшін ваннаға көбірек тұз қосыңыз. Осындай ваннаны күнделікті немесе күнара қабылдасаңыз, арқадағы безеулер тез арада кетуі тиіс.

Арқаңыздағы безеулер қатты қызармай, қозбай тұрған кезде, арқаңызға қосымша күтім көрсете аласыз. Арулар безеулер мен басқа да тері кемшіліктерімен скрабтар жақсы көмектесетінін біледі. Арқаңызға да скраб қолданыңыз.

Оны өзіңіз де жасай аласыз:

2 ас қасық қарапайым йодталған ас тұзын 1 шай қасық ас содасымен араластырып, оған шамалы су мен душқа арналған гель қосыңыз. Осы скрабты ылғал арқаңызға жағып, 5-10 минут уқалаңыз, артынан жақсылап жууды ұмытпаңыз. Бұл дауа тек безеулері қозбағандарға қолдануға рұқсат. Безеулер қызарып, ауырып, жарылайын деп тұрғанда мұндай әсерлі дауаны қолданбаңыз.

Зақымданған арқа терісін тазартып, майлылығын кемітетін, безеулерді залалсыздандыратын құрал алыңыз. Дәріханада метрогил гелі, хлоргексин ерітіндісі, салицил қышқылы, сутек тотығын, левомицитин, календуланың спирттік ерітіндісі немесе фурацилин сынды препараттардың арасынан таңдаңыз. Осы дәрілермен арқаны сүртіп, майларын безеулерге жағып қою керек. Бұл дауаны күніне 2-3 рет қайталаса да болады.

Сондай-ақ арқаңыз бен денеңізді тазалықта сақтауға тырысыңыз, күнде немесе күнара суға түсуді әдетке айналдырыңыз. Киіміңізді де жиі жуып, арқаны терлететін синтетиканы уақытша кимеген жөн. Табиғи маталардан тігілген киім мен іш киім арқаңызды терлетпейді, демек безеулердің алдын алады.

Және әрине беттегі безеулер сияқты арқадағы безеулерді де сықпаңыз! Бұл безеулерді қоздырып, қайта-қайта пайда болуының себебі болады. Сондай-ақ сыққан безеу орнында жара қалуы мүмкін.

Дайындаған: Сания Аринова

Сурет: recepti.kz

С. А