- Негізгі бет
- Сымбат
- Қыста сізге қажет...
Қыста сізге қажет косметикалық құралдар
Қазір еліміздің барлық өңірінде бірдей суық. Гардеробты жылы киімдермен жаңартып үлгердіңіз делік, ал косметикалық құралдар тұрған сөрені тексердіңіз бе? Мұнда да қысқа қарай жаңартуды қажет ететін заттар жетерлік.
Қыста теріңіз саулығын қамтамасыз ету үшін, сізде келесідей косметикалық құралдар міндетті түрде болуы керек.
Ерінге арналған бальзам
Бұл косметикалық құрал сізде әр кез болуға тиіс. Алайда суық түскен кезде оны қалдырмай, өзіңізбен бірге ұстап, күнделікті қолдануыңыз керек. Еріннің терісі өте жұқа, және құрғақ болады. Ол тоңған кезде бірден жарықтанып, қанай бастайды. Зақымданған, құрғақ ерінге жағылған далап не жылтыр оғаш көрінеді. Сол себепті еріннің саулығын ойлап, қарапайым бальзамды күніне бірнеше рет далаға шыққанның алдында жағыңыз. Ерінге арналған бальзамның түссіз, жылтырсыз, барынша табиғи құрамдас бөліктерден жасалған қарапайым түрін таңдаған дұрыс.
Қолға арналған крем
Қолдың терісі де табиғатынан құрғақ келеді. Қол терісіне қажетті мөлшерде ылғалдандыру өте маңызды. Жылы күндері біз қол терісімен ешқандай қиындықтар байқамаймыз. Ал қыста суық ауа-райы, ыстық сумен қолды қайта-қайта жуу, жел қол терісін танымастай зақымдай алады. Ең бірінші қол қызарып, ашып, артынан қатты құрғап, қабыршықтанып қалады. Кейде тіпті жарықтар пайда болады. Мұның бәрінен сақтанудың оңай да тез жолы бар. Суық күндер басталған бойда қолға күнделікті крем жағып жүріңіз. Ол теріге қажетті ылғалдандыруды қамтамасыз етіп, құрғап кетуіне жол бермейді. Қысқа майлы, қою крем түрлерін алуға болады. Үйден шыққанның алдында, сабақта не жұмыста отырғанда, ұйқыға жатқаннан бұрын күніне бірнеше мәрте жағыңыз. Бұл қол терісімен байланысты жайсыздықтардан сақтап, терінің уақыттан бұрын қартаюын да болдырмайды.
Бетке арналған крем
Әр арудың өзіне ұнайтын бетке арналған кремі болады. Әркім оны өз терісінің түріне, ерекшеліктеріне, косметикалық қоспаларға сезгіштігіне байланысты таңдайды. Бірақ қыста көбіміз сүйікті кремнің әсері кемігенін байқаймыз. Суық ауа-райы, жел, температураның тез ауысуы, ыстық су бет терісін құрғатады, кейбіреулерде терісі қызарып, қышып, қатпарланып кетуі де мүмкін. Қыс кезінде тіпті терілері табиғатынан майлы арулардың бет-мұрыны құрғап кетеді. Сізде осындай белгілер байқалса, кремді сәл қою және майлы түріне ауыстырған жөн. Құрғақ теріге арналған, сезгіш теріге арналған деген белгісі бар крем іздеңіз. Қыс кезеңіне арналған түрлерін тапсаңыз, одан да жақсы. Сондай-ақ беттің құрғап кеткен жерлеріне құрғақ теріге арналған крем жағып, басқа жерге өзіңіздің үйреншікті креміңізді қолдануға да болады.
Аяққа арналған spa-крем
Қыста жабық етіктер мен қалың шұлықтар киіп, аяғымызды ешкімге көрсетпейміз. Бірақ бұл аяққа күтім көрсетпей-ақ қоюдың себебі бола алады ма? Қыста аяқ тар етік пен жылы шұлық әсерінен терлеп, дем алмай, екі есе күтімді қажетсінеді. Аяғыңызға арнайы қою, майлы spa-крем алып, ұйқыға аттанар алдында жақсылап жағып жүріңіз. Көктем шыққанда аяғыңыздың жағдайы сізді қуантатын болады.
Қыста теріні тартып, кептіріп, ашытатын құралдардан бас тартып, барынша ылғалдандырғыш, қоректендіргіш косметикалық құраллдарын таңдағаныңыз жөн. Нәтижесінде теріңіз қысты жақсы өткеріп, кез-келген макияж мінсіз жататын болады.
Дайындаған: Сания Аринова
Сурет: kosmetista.ru, goodwp.com
С. А