Суретке әдемі түсу үшін

Суретке әдемі түсу үшін

Фотосуретке жақсы түсу де өнер. Көбіміз суреттердің барлығында бірдей сәтті шығамыз деп мақтана алмаймыз. Cуретте сәтті, сәнді шығу үшін кейбір айла әрекеттерді біліп жүрген дұрыс.

Суретте жақсы шығу сіздің табиғи сұлулығыңызға емес, фотосессияға деген дайындығыңызға көбірек байланысты. Сәтті сурет үшін ракурс, макияж және киіміңіз дұрыс таңдалуы керек. Суреттегі киімнің маңызына көңіл бөліп, сәнді сурет шығу үшін не кию керектігін де талқылайық.

Қара, сұр сынды күңгірт түстерді сүйіп кисеңіз, бейнеңізде кем дегенде бір жарқын, көзге байқарлықтай бұйым болғанын қадағалаңыз. Бұл заттың бас, мойында болғаны жөн. Мысалға, мойынға тағылған жарқын түсті орамал, түрлі-түсті бас киім, жарқын сырға, алқа суретте бірден бейнеңізді сәндеп тұрады.

Жұлдыздар көшеде жүргенде көзәйнек таққанды ұнатады. Ал бұл аксессуар көз астындағы күңгірт дақтарды жасырудың ең оңай жолы екенін білесіз бе? Макияж жасап үлгермеген күндері де көзіңізге қара көзәйнек тағып, суретке қорықпай түсуіңізге болады. Өзіңізге барынша жарасатын көзәйнек таңдап, соны ылғи пайдалансаңыз, суретке түсу қажет болған кезде дайын боласыз.

Қазірде суретке түсу кейіптерінің арасында да трендтер бар. Солардың арасындағы соңғы тренд – сыртқы киімнің жеңін кимей, жай үстіңізге жамылу. Осы айла арқасында бойыңыз ұзарып, арық көрінесіз.

Қалпақ сізді суретте көпшіліктің ортасынан ерекшелейді, бойыңыз да ұзын көрінеді. Қалпақпен жарасқан түрлі бейнелер күзгі сурет үшін ең әдемі шешім.

Суретте майда ою-өрнектен гөрі үлкен принттер жақсы көрінеді. Алайда үлкен суреттері бар киімді бейнеңізге жарасатындай таңдау әлдеқайда қиын екендігін де ұмытпаңыз.

Кеудесі ашықтау киім мойыныңызды ұзартады, сондай-ақ назарды кеудеге емес, бетіңізге аударады.

Жылдың суық кезіндегі фотосессия үшін аң терісі, тоннан тігілген киім жақсы көрінеді. Текстурасы неғұрлым күрделі маталардан тігілген киім, теріңізді, бетіңізді соғұрлым тегіс, бірқалыпты, яки сымбатты етіп көрсетеді. 

Дайындаған: Сания Аринова

Сурет: woman.ru, charliewilliam.com, Сания Аринова

С. А