Көз маңындағы теріге арналған крем не үшін керек?

Көз маңындағы теріге арналған крем не үшін керек?

Көз маңындағы теріге арналған арнайы крем не үшін қажет? Неліктен бетке арналған кремді көз терісіне қолдана беруге болмайды? Көз маңындағы теріге арналған кремді қалай таңдаймын? Осы сұрақтарға жауап іздеп көрейік.

Көздің маңындағы тері өте нәзік әрі жұқа болады. Бұл жерде тері құрғақ, жиі жағдайда ісініп тұрады. Көз астындағы күңгірт дақтар да көп арулардың қиындығына айналды. Көз маңайындағы теріде май бездері мүлдем болмайды, сол себепті тері өте құрғақ келеді. Сондықтан да көз маңайындағы теріге жақсы ылғалдандыратын крем өте қажет. 

Егер сіз әлі де көздің қасындағы теріге қарапайым бет терісіне арналған крем жағып жүрсеңіз, біздің келтірген себептерімізді оқып, болашақта өзіңізге көз қасындағы теріге арналған кремді алып қойыңыз. 

Ісіну

Ағзамызда артық сұйықтықтың жиналуы көздің ісінуінен көрінеді. Бұл түрлі себептерден болуы мүмкін: ауру, аллергия, шаршағандық, дұрыс тамақтанбау, ішімдік ішу. Көздің ісінуімен қарапайым бетке арналған крем күресе алмайды. Егер таңертең оянғанда көзіңіз күнделікті шамадан тым ісіп тұрса, құрамында кофеин мен қияр экстракты бар крем іздеңіз. 

Күңгірт дақтар

Көз маңындағы терінің күңгірттенуінің түрлі себептері болады: стресс, темекі шегу, күн сәулесінің астында ұзақ уақыт жүру немесе адамның табиғи пигментациясы. Теріге табиғи түсін қайтару үшін С және К дәрумендеріне, мияға (солодка) бай крем табыңыз. Кремде сонымен қатар күн сәулелерін шағылыстыратын бөліктер болса, көздеріңіз бірден жайнай түседі.

Әжімдер

Бет мимикасы белсенді жандар ерте жаста пайда болатын әжімдер қиындығынан зардап шегеді. Ал көз маңындағы тері жұқа әрі нәзік болғандықтан, ол тезірек қартайып, бетінде майда әжімдер бірінші біліне бастайды. Сондықтан жас кезден көз маңындағы терінің иілгіштігін жоғарылататын кремдер жағыңыз. Оның құрамына ретинол сынды әжімдерді кетіретін заттар кірсін. 

Жалпы, көз маңындағы тері құрамы, иілгіштігі, қасиеттері бойынша бет терісіне мүлдем ұқсамайды. Сондықтан оны күтуде де басқа, арнайы косметикалық құралдар қолданыңыз.

Дайындаған: Сания Аринова

Сурет: makeupjournal.net 

С. А