- Негізгі бет
- Сымбат
- Әжімдер қартаюдың белгісі...
Әжімдер қартаюдың белгісі ме?
Әжімдер... Бұл әйелдердің де, еркектердің де ертелі-кеш басына түсер мәселесі. Қазірде әжімдер тек қартаю салдарынан емес, экологиялық орта, адамның өмір тәртібі және басқа да факторларға байланысты болады.
Әжімді қарттықтың белгісі деп санаған дұрыс емес. Кейде маңдайдағы әжімдер жасөспірім шақта да пайда болады. Бұл – бет-әлпеттің тым көп қимылдауының нәтижесі. Көз ұшында болатын ұсақ әжімдер көбіне бір нәрсені көру үшін көзін сығырайтатын, көруі нашар адамдарда болады. Сондықтан көзде қандай да бір ақау болса, араға көп уақыт салмай, көзәйнек кию қажет. Сонымен бірге қасты жоғары көтеру, мұрынды тыржиту секілді әдеттер де әжімнің пайда болуына ықпал етеді. Мұрыннан ауыз қуысына дейін созылатын әжімдер көп сөйлеп, көп күлгенде пайда болады. Беттің шамадан артық қимылы жүзімізде кетпейтін із қалдырады екен. Алайда біз, әрине, бетті мүлде қимылдатпай жүре алмаймыз. Ойды көзбен, сөзбен білдіру керек. Ал күлуден пайда болған әжім бәріне де сән береді.
Әжім терінің созылғыш қабаттарының өзгеруінен пайда болады. Тері уақыт өте жұқа және нәзік, құрғақ болып, қабыршақтанып, жарыла бастайды. Терінің бозғылттығы, сарғыштығы, қан айналымының әлсіздігінен де әжімдер пайда болады екен.
Әжімді кетіретін бір жол - жаттығулар жасау. Мәселен, күлуден пайда болған әжімді кетіру үшін ауызға ауаны молынан толтырып, бетті домалатып үрлеңіз. Ауыздағы ауаны оң жақ беттен сол жақ бетке ауыстырыңыз.
Алдын алу жолдары: бет терісін температураның шұғыл өзгеруінен сақтау, дене салмағының тым қатты ауытқымауын қадағалау, теріні маймен және сумен, қажетті кремдермен, басқа косметикалық құралдармен қамтамасыз ету, дұрыс күн тәртібін сақтау, ой және дене еңбегін шамадан артық атқармау, демалуды естен шығармау. Бұларға қоса, денсаулық жағдайын қадағалап, ара-тұра жалпы медициналық тексеруден өтіп тұру қажет. Тері асты майының біркелкі таралуы үшін тамақтану тәртібін реттеу, спортпен шұғылдану, кейде массаж жасату қажет.
Сурет: womansmile.in.
С. А