- Негізгі бет
- Сымбат
- Сусабын таңдайық ...
Сусабын таңдайық
Шаштың әсемдігі мен саулығы оған көрсетілген күтімге байланысты. Шаш күтіміндегі алғашқы және басты қадам – сусабынды дұрыс таңдау. Шашыңыздың түрін, ерекшеліктерін есепке алып, оған қажет құрамдас бөліктермен танысып, дұрыс сусабын таңдайық.
Құрғаған шаш, қайызғақ
Түзулеткіш пен фенге әуес қыздар артынан осындай қиындыққа тап болады. Сондай-ақ жаңбыр, күн, жел, экология, жалпы денсаулық жағдайына байланысты көптеген арулардың шашы құрғақ, қайызғақты болады.
Сізге пайдалы болатын сусабынның құрамында келесі құрамдас бөліктер болуы керек:
- Зәйтүн майы бас терісін ылғалдандырады.
- Бал экстракты теріні жұмсартып, шашты мықты қылады.
- Бидай экстракты шашты тамырынан ұшына дейін қоректендіріп, сынғыштығын кемітеді.
- Зығыр дәндерінің экстракты бас терісінің жағдайын қалпына келтіріп, оны ылғалдандырады.
Сонымен құрамында осындай заттар бар, арнай қайызғаққа қарсы сусабын таңдаған дұрыс.
Жұқа, әлсіз шаш
Қате таңдалған сусабын, фен мен плойканы тым жиі қолдану, шашты бояу жұқа, әлсіз шаштарға әкелуі мүмкін.
Құрамында мынандай заттар бар сусабын сізге жағады:
- Бал мен бидай протеины бас терісін жұмсартады.
- Жожоба майы шашты берік қылып, әлсізденуден сақтайды.
- Жасыл шай шаштың түсуін 70 пайызға кемітеді.
- Глицерин қосылған сусабын шаш терісін құрғап кетуден сақтайды.
- Жалбыз жапырақтарының экстракты бас терісін тыныштандырады.
Жұқа шаш иегерлеріне ылғалдандырғыш маскаларды қолданғанда абай болу керек, шамадан тыс ылғалдандыру шашты одан әрі әлсіздендіруі мүмкін.
Тым майлы шаш
Бас терісіндегі май бездерінің тым белсенді жұмысы сіздің шашыңыздың тез майлануының себебі болуы мүмкін. Сол себепті мынандай құрамдас бөліктерге назар аударғаныңыз жөн:
- Эвкалипт пен гамамелим экстракттары май бездерінің жұмысын реттейді.
- Емдік саз қосылған сусабын бас терісін терең тазартады.
- Ментол бас терісіндегі қан айналымын реттеп, шаш тамырларын қоректендіреді.
- Жожоба майы шашты жақсы тазартады.
- Зәйтүн майы бас терісін өте жақсы ылғалдандырады.
Шашыңыз одан әрі майланбас үшін сусабынның құрамында майлы қосылыстар жоқ екендігіне көз жеткізіңіз.
Дайындаған: Сания Аринова
Сурет: zhenskiyzhurnal.ru
С. А